Сіз қанша тірі бала тудыңыз: Санақтағы сұраққа қатысты Ұлттық бюро түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде халық санағы жүріп жатыр. Қазақстандықтар онлайн санаққа қатысу үшін алдымен арнайы сауалнаманы толтыруы тиіс. Осы орайда көпшілік санақ сауалнамасындағы «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген сұрақты түсінбей, желі қолданушылары арасында кең талқыға түсті. Өз кезегінде еліміздің Ұлттық статистика бюросы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желілерде санақ сауалнамасындағы «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген сауал төңірегінде пікірталас өрбіп жатыр. Аталған сұрақ Еуропалық статистер конференциясының ұсынысымен қосылған болатын. Халық санағын өткізуде соңғы 50 жыл бойы әйелдердің тірі туған балалары жөніндегі сауал кеңінен қолданылып келеді. Сол секілді бұл сұрақ демографиялық зерттеу үшін де ұдайы қойылады. Және де сауалнама биыл елімізде санаққа дейін және кейін дүниеге келген сәбилер мен олардың жынысын анықтау сұрағымен толықты. Сұрақтың жауабы нәресте өлімі көрсеткішін баланың жынысына қарай терең талдауға қолданылады», - деді ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.

Сондай-ақ, ресми өкіл аталған сауалдың еліміздегі бала туу көрсеткішіне қатысты деректер жинауда маңызды екенін еске салды.

«Көп жағдайда мұндай мәліметті басқа жерден алу мүмкін емес. Атап өтерлігі, бұл сұраққа тек қана репродуктивті жастағы әйелдер ғана жауап бермейді. Алынған мәліметтер әр кезеңдегі туу мен өлім тенденциясын салыстыру және бағалау үшін де қажет», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар