Сіз білесіз бе? - Қарындаштың қарымы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мінеки, кезекті оқу жылы да таяп келеді. Ертең - 1 қыркүйек - Білім күні. Бұл күні барлық мектептерде салтанатты жағдайда «Алғашқы қоңырау» мерекелік шаралары өтеді. Бұл күні жүздері қуанышқа, лүпілдеген жүректері білімге деген ынтызар сезімге толы қаншама бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, алғашқы ұстазымен танысады. Алғаш рет қолына қалам алып, дәптерге әріп жазады. «Білім бастауы» - Әліппені қолына алады. Осы жерде балалардың алдағы уақытта білім жолында ажырмас серігіне айналатын, қолданысы өте қарапайым, бірақ, маңызы өте зор құрал - кәдімгі қарындаш жайлы әңгіме қозғамақпыз...

Адам өмірінде ғылым мен техника қанша дамыса да, ақпараттық технологияның жетістіктері алақандай смартфонға сыйып жатса да, ауыстыруға болмайтын, баға жетпес дүниелер болады. Мысалы, есірткі тасымалдаушылардың жасырып қойған есірткі заттарын әлі күнге дейін үйретілген қызметтік иттермен іздейді.

Сондай дүниелердің қатарына кәдімгі қарапайым қарындашты да жатқызуға болады. Онымен жаздың аптап ыстығында да, қыстың сарышұнақ аязында да, су астында да, тіпті ғарышта да салмақсыздықта шалқаңнан жатып алып хат жазуға, сурет салуға болады. Шарлы автоқаламмен осылай жасауға бола ма? Жоқ. Ол мүмкін емес. Сондықтан да, қарындаштың адамзат өмірінде алар орны ерекше. Талай өмір, талай тарих, талай тағдыр осы қарындаштың көмегімен қағаз бетіне түсірілді емес пе!? Қарындаш та ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналған құрал.

Оның мағынасы кәдімгі түркі сөзі - «қара тас» дегенді білдіретіндігі де бекер емес. Осыдан қарап-ақ, сол «қара тас» - графиттің ежелден-ақ, шығыс халықтарына белгілі болғандығын айтуға болады. 

Дейтұрғанмен, адам баласының жазу-сызуды меңгере бастаған кезеңі кем дегенде 7000 жылды қамтиды десек, қарындаштың пайда болғанына аса көп те болмапты. Бары-жоғы - 300 жылдан астам уақыт.

Әрине, адамдар қарындаш пайда болғанға дейін де жазу-сызуға әр түрлі құралдарды пайдаланып келген. Олардың қатарына 13-ші ғасырда пайда болған «күміс қарындаштарды», «қорғасын қарындаштарды» қосуға болады. Алайда, арнайы қаламсапқа бекітілген күміс, қорғасын сымдармен жазу - ерекше шеберлікті талап етеді. Өйткені, күміс қарындашпен жазылған жазуды өшіру мүмкін емес. Одан кейін, 14-ші ғасырда пайда болған «италиялық қарындашты» да айта кеткен жөн. Ол сазды минерал - тақтатастан жасалды. Кейін мұндай қарындаштар өртелген сүйектердің ұнтағын өсімдік майымын араластыру арқылы да жасала бастады.

Дегенмен, ағаш қарындаштың тарихына қайта оралсақ...

Жалпы, кейбір кездейсоқ ашылатын тарихи жаңалықтардың ашылуына табиғаттың да септігі тиетіндігі белгілі. Бұл жерде еріксіз, ұлы ағылшын физигі Исаак Ньютонның басына құлаған алма еске түседі. Әрине, бұл аңыз да шығар. Алайда, қарындашқа қатысты оқиға шын болған. XVI ғасырдың екінші жартысында, дәлірек 1565 жылдың жаңбырлы күндерінің бірінде Англияның солтүстігіндегі Камберленд графтығында бұрын-соңды болмаған дүлей дауыл болады. Ондаған жылдар бойы өсіп тұрған зәулім ағаштар тамырымен қопарылып құлайды. Дауылдан кейін, жергілікті бақташылар сол ағаштарды жинап жүріп, олардың тамырларының астында жатқан қап-қара қатпар тастарды байқап, таң қалады. Әрине, олар бұл беймәлім қара тастардың қандай қасиеті барын білуге тырысады, «Көмір шығар», - деп, отқа да жағып көреді - жанбайды. «Түсі жылтыр ғой, қорғасынның бір түрі болар», - деп, одан оқ-дәрі жасамаққа әрекет жасайды. Бұдан да түк шықпайды. Бірақ, оның заттар мен бұйымдардың бетіне із қалдыратын қасиетін байқаған. Содан малшылар бұл «қара қорғасынды» қойларды таңбалауға пайдалана бастайды. Әрине, қара тастың бұл қасиеті суретшілердің көзінен таса қалсын ба!? Олар оны таяқша секілді етіп жонып, ұшын ұштап, сурет салуға пайдаланады. Жұмсақ әрі қолды былғайтын болған соң, адамдар оны екі таяқшаның арасына қойып, қағазбен орап, жіппен байлап қойып сурет салатын болған. Ол алғашқы кезде тек сурет салуға ғана жарайтын.

Швейцариялық энциклопедист-ғалым Конрад Геснердің 1565 жылы жазған минералдар туралы трактатында ағашқа салынған «қара қорғасын» туралы айтылған. Сондай-ақ, осы «қара қорғасыннан» жасалған ағаш қарындаш туралы алғашқы жазба деректердің бірі - 1683 жылмен белгіленген.

Қарындаштың тұрақты өндірісі Германияның Штайн қаласында  1719 жылы қолға алынды. Немістер оны күкіртпен және желіммен араластырады. Мұндай қарындаштың сапасы аса жоғары болмағанымен, бағасы арзан болған.

Ал, 1789 жылы атақты швед химигі Карл Вильгелм Шееле бұл табылған «қара қорғасынның» қорғасын емес, «ерекше минералды көмір» екендігін, яғни көміртектің бір түрі екендігін дәлелдеді. Ол оны - графит (грек тілінен аударғанда - «жазамын» деген мағынаны білдіреді) деп атады.

Графит отқа өте төзімді минерал. Ол 3000 градустан кейін ғана газға айналады. Сондықтан, сонау XVIII-ші ғасырдың өзінде-ақ,  графит қарындашпен қатар, металл қорытуға арналған ыдыстарды жасауға да пайдаланылды.  

1790 жылы веналық шебер Йозеф Хардмут графиттің тозаңын ақ саз - каолинмен, күйемен және сумен араластырып, пешке жағады. Сөйтіп, саздың мөлшерін өзгерте отырып, қаттылығы әр қалай материалдар ала бастайды. Сол жылы ол қарындаштың өзегін шығаратын кәсіпорын ашады. Ал, 1795 жылы француз ғалымы, өнертапқыш Никола Жан Конте осындай әдіспен, дәлірек, графитке ақ саз, күйе, крахмал және су қоса отырып, қарындаш өзегін шығарады. Ол Хардмуттың ашқан жаңалығынан бейхабар болған. Сондықтан Хардмутты да, Контені де тең дәрежеде қазіргі қарындаш өзегінің негізін қалаушылар деп айтуға болады.

Бұл технология 19-шы ғасырдың орта шеніне дейін Еуропада кеңінен дамыды. Соның арқасында қарындаш шығаратын көптеген компаниялар пайда болды. 1851 жылы германиялық «Фабер-Кастелл» фабрикасының иесі граф Лотар фон Фабер-Кастель бұған дейін дөңгелек қималы түрінде шығарылып келген қарындашты алты қырлы етіп шығаруды ұсынды. Өйткені, ол қарындаштың жазу жазуға арналған көлбеу жазықтықтың үстінен жерге домалып құлай беретіндігін байқаған.

Қарындашты ұштағанда өзегінің көп шығындалатыны белгілі. Осыны азайту мақсатында 1869 жылы америкалық өнертапқыш Алонсо Таунсенда Кросса механикалық қарындаш ойлап тапты. Мұнда графиттік өзек металл түтіктің ішіне орналастырылған және оны сыртқа қажетті ұзындықта ғана шығаруға болады. Осы өнертабыстың арқасында бүгінде механикалық қарындаштардың неше түрі шығарылады. Бұл жерде графиттік өзек «цанга» деп аталатын темір қыстырғышпен ұсталынып тұрады. Қаламсаптағы арнайы түймені басу арқылы өзекті белгілі бір ұзындықта сыртқа шығаруға болады.

1828 жылы француз математигі Бернард Лассимон өзінің қарындаш үшін ойлап тапқан қаламұштағышына алғашқы патент алды. 

Бүгінде әлемде өзегінің қаттылығы жағынан 21 түрлі қарындаш шығарылады екен. Мұнда, құрамында графит көп болған сайын қарындаштың өзегі жұмсақ және түсі қарая түседі. Ал ақ саз - коалиннің құрамы көбейген сайын, қарындаштың өзегі қатты, ал түсі ашық бола түседі.

Қазіргі таңда қарындаштың түрі-түрі шығарылады! Жоғарғы басына өшіргіш, үлкейткіш әйнек, сылдырмақ орнатылған қарындаштар бар, тіпті хош иістендірілген қарындаштардың шығарылатындығын қайтерсің! Ал, қарындаштың басын кеміргіш оқушыларға арнап, дәрумендірілген қарындаштардың да өндірілетіндігін айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда әлемде жылына 14 миллиардтан астам қарындаш шығарылады. Егер оларды бір тізбектің бойына тізіп қояр болса,  жерді 62 рет орап алуға болады.

Қаттылығы орташа бір қарындашпен ұзындығы - 55 шақырым болатын сызық жүргізуге немесе 45 мың әріп жазуға болады екен. Қарындашпен жазылған бір әріптің салмағы - 0,00033 грамм.

Соңғы жаңалықтар