Сирияға барғандардың біразы төлқұжаттарын жоғалтқан - ҚР СІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сириядан қайтарылған адамдардың біразы төлқұжаттарын жоғалтып алған. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандықтардың бірқатары өздерінің төлқұжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі бұдан бұрын ИЛИМ/ДАИШ бақылауындағы аймақтарды туған болатын. Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі мекемелер операция барысында консулдық -құқықтық әрі логистикалық қолдау көрсетті», - деді Е. Ашықбаев.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР СІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүкіл жұмысты мүдделі орталық және жергілікті меморгандар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз үйлестіру арқылы өткізді.

«Енді дерадикализациялау және сауықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, қайтып келген әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қайта әлеуметтендіру кезеңі басталып отыр», - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, Ержан Ашықбаев Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылатынын мәлім етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеме жасады.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Елбасы Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар