Сириядан оралған балалармен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова «Жусан» операциясы арқылы Сириядан қайтарылған балалармен қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сириядан 506 бала келді. Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдерді қолдауға арналған 15 әлеуметтік-психологиялық, құқықтық орталық жұмыс істеп тұр. Орталықтың тәулік бойғы стационарында 14 балалы 4 ана бар. Қалғандары күндізгі стационарда. 254 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Яғни, ол балалар мектепке дейінгі ұйымдарға барып жүр. Мектептерде 153 бала оқып жатыр. Сондай-ақ жетім қалған 33 бала бар. Олар жетімдерге арналған ұйымдарға таратылды», - деді Бибігүл Асылова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Білім және ғылым министлігі Сириядан оралған балаларды жетілдіруге, оқытуға арналған жоспар әзірлеуде.

«Біз оларды назардан тыс қалдырмаймыз. Бәріне көмектесеміз. Ол кешенді шаралар ғылыми зерттеулерден басталады. Бұл салаға ғылыми тұрғыда жақындап, психологтар жіті жұмыс жүргізуі тиіс. Ғылыми қызметкерлер бірлестігін жиып, олар аталмыш санаттағы балалармен жұмыс жүргізудің амал-әдістерін бізге ұсынуы тиіс. Себебі, бізде бұған дейін ондай тәжірибе болған жоқ. Мұндай балалармен жұмыс жүргізетін қызметкерлердің біліктілігін арттыру керек. Оларды оңалтуға арналған бағдарлама болуы тиіс. Жалпы, жоба дайын. Тек тиісті органдармен мақұлдап алуды көздеп отырмыз», - деді Бибігүл Асылова.

Соңғы жаңалықтар