Сириядан келген балалар ұшақ көрсе тығылатын жер іздеп кетеді - Алмасбек Шағырбай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Жусан» операциясы Қазақстанның бірегей жобасы болды. «Жусан» деген атауының өзі туған жерге деген сағыныш, иісін, туған жеріңнің сәлемін жеткізу дегенді білдіреді. «Жусан» талай баланың жүрегіндегі үрейден арылуға, бейбіт өмірге әкелуге сеп болғаны рас. Олардың саны қанша? Осы сауалдарға ҚР ҰҒА ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PHD докторы Алмасбек Шағырбаймен сұхбатта жауап іздеуге тырыстық.

- Тәуелсіздіктің құнын білмей, елімізді тастап жырақтан жұмақ іздеп кеткендердің арасында отандастарымыз өте көп. Сирияға кеткен отандастарымызды бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарған жайымыз бар. Қазір «Жусан-4» операциясын ҰҚК сәтті өткізді. Осы уақытқа дейін «Жусан-1» операциясынан - 47 адам, «Жусан-2» операциясының арқасында 231 адам, «Жусан-3» операциясы арқылы 230-ға жуық адам елге қайтты. «Жусан-1» операциясының өзін айтсақ, бұл процесс ұзаққа созылды. Бірнеше ай бойы қанды соғыс болып жатқан елден азаматтарымызды алып келуге барынша күш салынды. Адасқан азаматтарын қайтаруға бірінші бастама көтерген ел - Қазақстан. Кейбір мемлекеттер Сирияға кеткен адамдарын азаматтықтан шығарып тастады. Көп ұзамай көршілес ел Өзбекстан да азаматтарын қайтара бастады.

- Соғыс алаңын көрген, санасы уланған азаматтар қазіргі қоғам үшін қауіпті емес пе?

- Мұндай сұрақ туындауы заңды. Оған байланысты айтарым, қайтарылған азаматтардың басым бөлігі - әйелдер мен жасөспірімдер. Ерлердің барлығы дерлік сол жақта қаза тапқан. Әйелдермен арнайы орталықтарда, дінтанушы, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істеп жатыр. Оларды қайтадан қоғамға қауіпсіз тұлға етіп тәрбиелеу, әлеуметтік ортаға бейімдеу қолға алынған. Оған қанша уақыт кетері белгісіз. Бәлкім айлар, бәлкім жылдар. Олардың психологиясы өте қатты зақым алған. Орталықта ойнап жүрген ойын балалары ұшақты көргенде бірден тығылатын тесік іздеп кетеді. Көздерінде үрей бар. Олар үстінен бомба түседі екен деп қорқады. Біздің балалар ойын алаңында алаңсыз ойнап жүреді. Балалардың көпшілігі қазақ емес. Сирияға кеткен қыз-келіншектер күйеулері өлген соң сол жердегі басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығады. Орыс, тәжік, өзбек болуы мүмкін. Нәтижесінде дүниеге келген балалар қазақ емес. Бірақ олар орысша, арабша сөйлейді. Олардың барлығын қазақ балалары деп айта алмаймыз. Сондай жағдай.

- Сәләфизм ағымындағы адамдардың Қазақстандағы әйелдерге де жасап жатқанын естіп жатырмыз...

- Иә, әлбетте. Ол рас. Олар қаракөздерімізді әйел ретінде некелеп алады да, бір-екі айдан соң «талақ етіп» тағы басқасына үйленеді. Талақ еткен соң қыз қайда барады? Тұрмысқа шыққанын ешкімге айтпаған, әке-шешесі білмейді. Жалғызсыраған әйелге келесі «сақалды» қамқорлық жасап, өзіне жар етіп некелеп алады. 2-3 ай өткен соң олар да талақ қылып кете береді. Өз араларында қаракөздерімізді осылай қор етіп жүр. Қазақта жақсы сөз бар, пышақты өзіңе ұр, ауырмаса өзгеге ұр деген. Бүгін «тура жолдамыз, таза ислам дінін ұстанамыз» деп жүрген адамдардың бойынан өздерін басқалардан артық көріп, әйелдердің құқығын таптап жүргені исламға еш қатысы жоқ. Бұл исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Кемшілік дінде емес, дінді дұрыс түсінбеген адамдарда.

Осылайша жылына 6, 8, 10 рет тұрмысқа шыққан қаракөздеріміз бар. Батыс өңірінде, Алматыда да болған.

– Бұл қыздардың ахуалын қалай біліп отырсыздар? Өлімнен ұят күшті деген түсінік бар. Олар басындағы жайтты тіпті ата-аналарына да айтпайды ғой.

– Жүрегі жараланған қыздар мешіттерге жұбаныш іздеп келеді. Имамдармен сөйлеседі, сырын ақтарады. Бірақ, өкінішке қарай, болған оқиғаны кері қайтаруға мүмкіндік жоқ. Алайда сақал қойғандардың барлығын бір категорияға кіргізе алмаймыз. Соның бір тармағы қоғамға зиянын тигізіп отыр.

– Келіп жатқан азаматтарымыздың ойы қалай өзгереді? Олар райынан қайта ма?

– Иә, көпшілігі адасқанын мойындайды. Біз өзіміз тәуелсіз елде жүргенімізді көп сезіне бермейміз. Мен докторантурада біліп алып жүргенде, шетелдік тағылымдама бағдарламасымен 2014 жылдары Түркияда тағылымдамадан өттім. Сирия мен шекаралас қалаларында және Ыстанбұл, Кастамона, Анкара қалаларында болдым. Ол кездері Сирияда соғыс оты енді тұтана бастаған. Сонда сириялықтар өз отандарын тастап, Түркияда босып жүрді. Олармен тілдескен кезде «біз бір бөлігіміз Түркияда тыныш өмір сүріп жатырмыз. Сириядағы туыстарымыз әртүрлі әлеуметтік желі арқылы СМС жазып, сатқынсыңдар деп айыптайды», дейтін. Сирияға қайта барайын десе өлім күтіп тұр, қайтпайын десе «ар азабы» тағы бар. Осылай қиналып жүрген сириялықтарды көргенде, әуежайда, теміржол вокзалдарында босқындардың төсеніш ретінде картонға риза болып жатқан түрін көргенде еліміздегі тыныштық пен тәуелсіздіктің қадірін түсінгендей болдым. Жасы-кәрісі бәрі солай жатқанын өз көзіммен көрдім. Қазақта «ит - тойған жеріне, ер - туған жеріне» деген сөз бар. Барлығымыз туған елімізді көркейтуге, дамытуға қызмет етуіміз керек. Ол үшін қазір бізге тұрақтылық қажет.

– Жалпы, сәләфизм ағымы елге қалай келді? Оны белгілі бір тұлғалар әкелді ме?

– Сәләфизмнің Қазақстанға келуіне қатысты тарихшылардың пікірі әртүрлі. Негізінен кейбір азаматтарымыздың Сауд Арабиясына барып оқып келген кезінен бастау алады. «Қазақстанға таухид тәуелсіздік алғаннан кейін келді» деп айтып жүрген азаматтар бар. Олар сырттан оқып келіп, ата-баба дәстүрін жоққа шығарып, басқа елдің, арабтардың салтын, мәдениетін дін екен деп елімізге насихаттай бастады. Осы кезде жергілікті имамдар мен қоғамда қарама-қайшылық туды. Осы кезеңде елімізге сәләфизм келе бастады деген пікір бар. Нақты факт жоқ. Кейбіреулер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сол жылдары сәләфизммен қатты күреспеді деген пікірлерді алға тартады. ҚМДБ-ны айыптай алмаймыз. Өйткені оның қолында билік, заң күші жоқ.

– Жастардың дінге бет бұруы, басқа ағымдарға кетіп қалуы қалай болды?

– 70 жыл совет үкіметі тұсында өмір сүріп, ол вакуумнан шыққан жастарда рухани ізденіс болды. Ол уақытта идеология да дұрыс болған жоқ. Рухани ізденіс үстіндегі жастарымыз сырттан келген ағымдарға тап болды. Білім алу үшін Пәкістанға, Сирия, Ливия, араб мемлекеттеріне кетті. Бір бөлігі мемлекеттік бағдарламамамен, біреулер өз қаржыларына барды. Теріс діни ағым өкілдері оларды тіл үйретеміз деп қатарына тартты. Мысырға барғандарды «араб тілін тегін үйретеміз» деген ұранмен шақырған. Студенттер үшін араб тілін тегін үйрену - үлкен олжа. Арабша үйретіп, арасында уағыз айтып көптеген азаматтарды осылайша өз қатарларына қосып отырған. Елге келген соң ол азаматтар біраз уақыт насихатын жүргізіп жүрді, кейін қателескендерін түсініп, бас тартқандар да болды.

– Бірақ қанша адам қателескенін ұғына алмай әлі адасып жүр...

– Иә, ол сыртқы атрибутикадан да білінеді. Дін деген осы екен деп Пәкістанда оқығандар аппақ киінеді. Біздің климат Пәкістандағыдай емес, өте суық. Бұл киімді олар ыстық жақта күннен қорғану үшін киеді. Бірақ, біреулер діни киім осы екен, пайғамбарымыз солай киінген екен деген түсініктерді қалыптастырып отыр. Ал аппақ киім тез кірлейді. Ислам тазалықты үндейді. Екеуі үйлеспейді. Кір киініп адамдарға дінді уағыздайды. Бұл - Исламға кір келтіру. Біреуге бір нәрсе үйрету үшін адам алдымен өзін тәрбиелеп алуы керек. Өзі кір-кір боп тұрып таза дінді насихаттайтын болса, сәтсіз болады. Әр елдің ұлттық киімдерін діни киім екен деп, сол елдің ұлттық салт-дәстүріне негізделген ислам дінін алып келіп соны біздің қоғамға қабылдатқысы келетін жастарымыз дау-дамай туғызып отыр.

– Жат ағымға кеткен тек жастар емес қой, тағы кімдер еріп отыр?

– Материалдық тұрғыдан таршылық көрген адамдар да еруі мүмкін. Бұл сирек кездесетін жағдай. Басқа да қалаларда болдым. Ең қымбат көлік мінетін, ең қымбат телефон ұстайтын сақалдылар. Алматыда да сол. Біз қазақтар - еліктегіш халықпыз. Жастар спортшыларға еліктейді. Ал спортшыларымыздың қатарында әртүрлі ағымға кіріп кеткендер бар екені жасырын емес. Мысалы Голливудтың атақты жұлдыздары бізбен бірге деген секілді. Сол арқылы қатарластарын көбейтеді. Мотивация береді. Кейбіреулер қоғамдағы әділетсіздікке қарсы сол ағымдар арқылы өзінікін дәлелдегісі келеді. Барлық ағымға кіргендерді тек қана діни сауаты болмаған соң сол ағым жетегінде кетті деп айта алмаймыз. Арасында білікті, оқыған азаматтар да кездеседі.

Теріс ағымдармен күрестің қандай жолдарын ұсынасыз? Қоғамда қанша дегенмен діни ахуал ушығып кетпей ме деген қорқыныш бар...

– Ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Олардың қолданып жатқан инновациалық технологияларын өздеріне қарсы қолдану керек. Халықтың діни сауатын ашу керек. Түркияда ол мәселе жоқ. Барлық адамдар діни сауатты. Ол елде бір ғалым телеарнадан шығып сөйлеп, сақ болыңдар десе, бүкіл халық оған құлақ асады. Біздің халықта ондай ғалымдар енді қалыптасып келеді. Әлемге әйгілі Әл-Азхар университетінде білім алған отандастарымыз елге енді келіп, университеттерде қызмет атқарып жатыр. Орта Азиядағы бірегей Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде бұрын доктор, профессорлар арабтар болса, қазір олардың білімінен кем түспейтін доктор, профессорларымыз бар. Уақыт өте келе дін мәселесі оң шешімін табатынына дінтанушы маман ретінде сенімдімін. Бұл - өтпелі кезең. Бірақ бүгінгі таңда халықтың тәуелсіздік алған кездегімен салыстырғанда сауаты бар. Иммунитеті қалыптасып келеді. Қазақтың ағартушыларын алып қарасақ, Абай, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, барлығының діни сауаты болған. Бірнеше тілді меңгерген. Дінді іштей түсінген. Кейбір жастарымыз, өкінішке қарай, бүгін намаз оқуды үйреніп хадис, аяттарды терең мағынасына үңілмей, үстіртін мағынасын түсініп алып, өздерінікін дұрыс деп ұрандатып жүр. Бұл өз кезегінде буквализмге апарып соқтырады. Сыртқы форма қандай болсада, ол адамның сеніміне әсер етпейді. Адамның иманы сыртқы киіммен өлшенбейді. Абайдың қара сөзінде айтылған кемел адам бүгінгі таңда Елбасы жолдауында айтылған бәсекеге қабілетті маман деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар