Сириядан қайтарылған 7 жасар қыз жақында туыстарына табысталады

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сирияда содыр болған қазақстандықтың 7 жасар қызы 11 наурызда елге жеткізілді. Қолдау орталығына орналастырылған бүлдіршін жақында туыстарына табысталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ шетелдік серіктестерімен бірлесіп, азаматтарды террористік белсенділік аймақтарынан қайтару бойынша қарқынды жұмысты жалғастырып жатыр.

11 наурыз күні Сирияда содыр болған қазақстандықтың 7 жасар қызы елге жеткізілді. Оны қайтару бойынша гуманитарлық операция жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізілген.

Қазір бүлдіршін Астана қаласының балаларды қолдау орталығында, психологиялық жай-күйі қанағаттанарлық. Оны медициналық тексеруден өткізіп, бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында туыстарының қатарынан қамқоршыларға берілетін болады.

Айта кетсек, 2019 жылдан бастап ҰҚК террористік белсенділік аймақтарынан 518 кәмелетке толмаған баланы, оның ішінде 34 жетімді Қазақстанға қайтарды.


Соңғы жаңалықтар