Сириядағы кикілжің және жаһанданумен күрес - Трамп пен Ердоған Бас Ассамблеяда не туралы айтты

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Бас Ассамблеяның 74-ші сессиясының сегізінші күні қызықты өтті және онда негізінен жаһандық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, әлемдік держава көшбасшылары Сириядағы шиеленіс салдарын шешу және ұлттық сәйкестікті сақтап қалу мәселелерін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ғажайып ғаламшарымызды алып қарасақ, шындық көрініп тұр: егер сіз азаттықты қаласаңыз, еліңізді мақтан тұтыңыз. Егер сізге демократия қажет болса, егемендігіңізді нығайтыңыз. Егер сіз бейбітшілікті қаласаңыз, халқыңызды жақсы көріңіз. Дана көшбасшылар өз халқының мүддесі үшін әрекет етеді. Болашақ жаһанданушылардың қолында емес, болашақ патриоттардың, өз азаматтарын қорғайтын, көршілеріне құрметпен қарайтын тәуелсіз елдердің қолында», - деді АҚШ Президенті Дональд Трамп сөйлеген сөзінде.

Сонымен бірге, Америка көшбасшысы АҚШ-тың әрбір халықтың салт-дәстүрлерін барынша қолдайтынын атап өтті.

«АҚШ мен сайланғаннан кейін қарулы күштерді толықтай қайта құруға 2,5 трлн доллар жұмсап, ең қуатты ел болып отыр. Біз осынау күшті қолдануға мәжбүр болмаймыз деп үміттенемін. Әлем үстемдікке, басымдыққа ұмтылса, еліміз байлық жағынан, күш-қуат пен рухани тұрғыдан күшті болу керектігін америкалықтар жақсы біледі. Сондықтан, АҚШ бізді осы деңгейге жеткізген салт-дәстүрлерді қолдайды», - деп атап өтті АҚШ президенті.

«Менің сүйікті елім сияқты осы залда өкілдері отырған әр мемлекеттің өз тарихы, мәдениеті, мұрасы бар. Бұл бізге бірегей әлеует пен күш-қуат береді. Тәуелсіз әлем ұлттық негіздеріне сүйенуі тиіс», - деді ол.

Ал өз кезегінде, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сөз сөйлеу барысында сириялық босқындар мәселесін шешуді ұсынды.

«Біз барлық террористік ұйымдарды жоймай, Сириядағы шиеленістің шешімін таппаймыз. Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы АҚШ-пен келіссөздеріміз жалғасып жатыр. Біз ішке қарай 30 км және ұзақтығы 480 км болатын бейбіт дәліз жасауды ұсынып отырмыз. Бұл арқылы халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен 2 млн сириялықты жаңа жерге орналастыруға болады», - деп атап өтті Түркия көшбасшысы.

«Егер аталған қауіпсіз аймақ мақұлданса, біз осы жерге 1-2 млн босқынды орналастыру мүмкіндігі туралы мәлімдей аламыз. АҚШ, Ресей және Иранның коалициялық күштері – барлығымыз күш біріктіріп жұмыс істеп, сол жерге босқындарды орналастырамыз. Бірақ, бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет, себебі бұл мәселені жалғыз шешу еш мүмкін емес», - деп атап өтті ол.

Р.Ердоған Түркияның тең төрағалығымен өтетін халықаралық конференция туралы да айтты.

«Бізде дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, сондай-ақ Ливан, Ирак және Иордания қатысатын әлеуетті халықаралық конференцияға дайындық үстіндеміз. Желтоқсан айында Женевада Түркияның тең төрағалығымен босқындар мәселесі бойынша жаһандық форумды өткізу де ерекше маңызды. Адамдарды қауіпсіз аймақтарға қайтаруды қолдау үшін БҰҰ басшылығымен конференция ұйымдастыруға да болар еді деп үміттенемін», - деді ол.

Сондай-ақ, осы күні білім беруді дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының төрағасы Тиджани Мухаммад-Банде оқу процесін модернизациялау саласындағы ынтымақтастыққа шақырды.

Автор: Азамат Сыздықбаев


Соңғы жаңалықтар