Сирия зілзаладан зардап шеккендерге көмек жеткізу үшін екі шекара бекетін ашады

None
АММАН. ҚазАқпарат – Сирия президенті зілзаладан зардап шеккен миллиондаған адамға қажет заттарын жеткізу үшін елдің солтүстік-батысындағы екі жаңа бақылау-өткізу бекетін ашуға келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БҰҰ-ға сілтеме жасап.

Түркиямен шекарадағы «Баб ас-Салам» және «Аль-Раи» жаңа шекара бекеттерін ашу жоспарланып отыр.

Олар әзірге үш ай бойы жұмыс істейді. Бұл шешімді БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш құптады.

«Мен Сирия президенті Башар Асадтың гуманитарлық көмектің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету үшін Түркиядан Сирияның солтүстік-батысына қарай екі Баб-ас-Салам және Аль-Раи бақылау-өткізу бекеттерін ашу туралы бүгінгі шешімін құптаймын», - деді Гутерриш.

Мұндай шешім Сирия президенті Башар Асад пен БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс арасындағы Дамаскіде өткен кездесуден кейін белгілі болды.

«Ақ дулыға» құтқару тобының мәліметі бойынша, көтерілісшілер бақылауындағы елдің солтүстік-батыс аймағында құрбандар саны 2166 адамға жетті, ал Дамаскідегі Сирияның денсаулық сақтау министрлігі үкімет бақылауындағы аудандарда 1414 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Сирияда қаза тапқандардың жалпы саны - 3580 адам.

Фото: ЮНИСЕФ/Муханад Аль-Асади


Соңғы жаңалықтар