Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі келесі кездесу Сочиде өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі келесі кездесу Сочиде өтеді. Бұл жайында бүгін елордада өткен Астана процесінің 9 рауындының қорытындысына орай Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кепілгер үш елдің БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитеті сарапшыларының қатысуымен ұсталғандар мен тұтқындарды босату, із-түзсіз жоғалғандарды іздеу және қаза тапқандардың мүрделерін беру жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысын өткізгендігін қолдаймыз. Жұмыс тобының атқарылған жұмыстар туралы есеп мәліметтерін қабылдадық және Сириядағы жанжалдасушы тараптардың арасындағы сенімді нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыру қажеттігін қуаттадық. Жұмыс тобының келесі отырысын 2018 жылдың маусымында Анкарада өткізуге уағдаластық», - делінген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев жария еткен бірлескен мәлімдемеде.

Сонымен қатар аталған құжатта  БҰҰ ҚК 2254 қарары ережелерін басшылыққа ала отырып, Сочиде өткен Сириялық ұлттық диалог конгресі ұсыныстарының орындалуына жәрдемдесу жолымен саяси реттеу процесін ілгерілету үшін бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайын екендіктерін қуаттағандығы айтылған.

«Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақстандық билікке Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі 9-халықаралық кездесуді Астанада өткізгендігі үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі келесі халықаралық кездесуді 2018 жылдың шілдесінде Сочиде өткіземіз деп шештік», - деп атап өтеді кепілгер елдер өкілдері.

Соңғы жаңалықтар