Сирия бойынша халықаралық кездесу мамырда елордада өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия бойынша халықаралық кездесу 3-4 мамыр күндері  елордада өтеді. Бұл туралы Астана процесі үшінші раундының қорытындысына орай кепілгер елдер әзірленген бірлескен мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірлескен мәлімдемені ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов оқып берді. Онда: «Біз наурызда Женевада келіссөздердің жалғасуына қолдау білдіреміз. Үшжақты кездесу жоғары деңгейде жалғасатындығын атап өтеміз. Сирия Үкіметі мен Сирия оппозициясының өкілдері, сонымен бірге байқаушы ретінде басқа да тараптар бұл отырыстарға шақырылуы мүмкін. Біз жоғары деңгейдегі келесі отырысты 3-4 мамырда Астанада өткізу туралы шешім қабылдадық және 2017 жылдың сәуірінде Теһранда сарапшылар консультацияларын өткізуге келістік. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақ билігіне осынау кездесуді өткізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз», - делінген.

Сонымен қатар Камалдинов Қазақстан және Президент Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздерге орын  ұсынып қана қоймай, сонымен бірге бітімгершілік ұсыныстарын да беретіндігін жалғастыратындығын баса айтты.

«Қазақстан бұл жанжалда бейтарап әрі объективті араағайын болып қала береді. Астана Сирия бойынша болашақтағы келіссөздер үшін ыңғайлы орын болуын жалғастырады», - деді министр орынбасары.

Айта кетерлігі, кепілгер елдердің бірлескен мәлімдемесінде Астана процесі Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде тиімді жұмыс ісеп жатқандығы аталып өтілген. Дегенмен, маңызды ілгерілеушілік болмағанымен Астана және Женева процестері Сириядағы соғысты және атыс қимылдарын тоқтату режімінің жүзеге асырылуына септігін тигізгендігі баса атап өтілген.

«Сириядағы қақтығыстардың аяқталуы жайында айтуға әлі ерте. Дегенмен, біздің алдымызда күрделі жол жатыр. Бірақ, біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы терроризммен және экстремизммен күресе аламыз. Біздің Астана процесі өзінің тәжірибелік үлесін қосатындығына сеніміміз мол», - делінген бірлескен мәлімдемеде.

Соңғы жаңалықтар