Сирия бойынша Астана процесінің 11-раундында қандай мәселелер талқыланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-29 қараша күндері елордада Сирия бойынша Астана процесінің шеңберінде жоғары деңгейдегі 11-ші халықаралық кездесу өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келіссөздердің кезекті раундына дәстүрлі түрде Иран, Ресей, Түркия және Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері, БҰҰ мен Иорданияның бақылаушылар деңгейіндегі делегациялары қатысады деп күтілуде.

«Тараптар Сириядағы, соның ішінде Идлиб провинциясындағы қазіргі ахуалды, босқындар мен ел ішінде қоныс аударған адамдарды қайтару бойынша тиісті жағдай жасау мәселесін, гуманитарлық жағдайды жақсарту және қақтығыстан кейін елді қайта қалпына келтіру сұрақтарын талқылауды жоспарлап отыр. Алдын ала күн тәртібіне сәйкес, босқындар бойынша халықаралық конференцияны ұйымдастыру идеясы талқыланады», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, кепілгер елдер Астанада өтетін сирияаралық келіссөздер шеңберінде тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының алтыншы отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

Кепілгер елдерден келіп түскен ақпаратқа сәйкес, олар Астана форматына жаңа байқаушыларды қосу туралы мәселені қарастыруы мүмкін.

«28 қарашада Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үшжақты консультациялары, сондай-ақ байқаушы тараптардың өкілдерімен кездесулері өтеді. Ал жалпы отырыс 29 қарашаға белгіленген. Босқындар мен мәжбүрлеп ұсталған адамдардың негізгі мәселелерін талқылауды ескере отырып, аталған кездесуге тиісті шақырулар БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдеріне жолданады», - деді Айбек Смадияров.

 

Соңғы жаңалықтар