Сирия бойынша Астана процесі ең тиімді алаң – Мюнхен конференциясы
Конференцияның аясындағы сессия жұмысына қатысушылар Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас туралы сұрады.
Өз кезегінде С. Лавров екі арасындағы қатыныстар өте жақсы деңгейде екенін атап өтті.
Бұдан кейін ол Сириядағы қақтығыстардың туындауы мен осы дағдарысты шешудің мән-жайына жеке тоқталды.
«Бұл күрделі мәселенің түйінін шешуде Астана процесінің орны ерекше. Осы орайда өзінің елордасында қолайлы алаңды ұсынғаны үшін Қазақстанға шынайы алғысымызды айтамыз. Астана процесі жұмысын жақсы бастады, сондай-ақ қазіргі уақытта да ең тиімді алаң болып тұр», - деді Сергей Лавров Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысында.
Сонымен қатар, Ресейдің Сыртқы істер министрі Астана процесі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын ілгерілетуде БҰҰ-ға қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сирия бойынша Астана процесінің 15-раунды 2020 жылдың наурызында өтеді. Бұл жайында Астана процесінің кепілгер елдері Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде айтылған.
Еске сала кетейік, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер әлем көшбасшыларын БҰҰ-ның беделін нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.