Синтетикалық есірткі дайындауға арналған 72 тонна прекурсор тәркіленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі «Синтетика» өндірісіне арналған 72 тонна прекурсорларды тәркіледі. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті өнеркәсіптік ауқымда синтетикалық есірткі өндіру үшін елге прекурсорлар жеткізуді жолға қойған Қазақстан мен таяу шетелдіктерден құралған трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті», - деді Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, операция барысында синтетикалық есірткі дайындауға қажетті прекурсорлар контрабандасына қатысы бар үш шетелдік ұсталған. Ал операцияның соңғы кезеңінде, өткен аптада Алматыда осы іске қатысты қалған қатысушылар қолға түсті.

«Олар екі шетелдік және бір қазақстандық болып шықты. Қылмыскерлерден мефедрон, шет мемлекеттің полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электрондық таразылар, Калашников автоматының патрондары тәркіленді. Қойма үй-жайларын тінту барысында ІІМ және Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткілерді дайындау кезінде қолданылатын прекурсорларды, сондай-ақ реакторлардың екі бірлігін - синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдықты тапты. Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі 72,7 тоннаны құрады. Осылайша 8 тонна синтетикалық есірткі өндіруге жол берілмеді. Бұл 8 миллион бір реттік дозаны құрайды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар