Синоптиктер Алматыда қыс ортасында найзағай ойнауының себебін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаңтар ортасында күн күркіреді. Табиғаттың тосын мінезін «Казгидромет» РМК өкілдері түсіндіріп берді.

«Бүгін, шын мәнінде, таңғы сағат 9:05-те Алматыда күн күркіреді. Ол суық және жылы ауа массаларының вертикалды және горизонталды араласуымен түсіндіріледі. Кеше күн өте жылы болды. Ауа +10 градусқа дейін жылыды. Таңға жуық қар жауып, суық ауа массасы түсе бастады. Бұлтта екі түрлі температураның контрастілі араласуы орын алды. Ол найзағай мен күннің күркіреуін тудырды. Әрине, найзағай жылы маусымға тән климаттық жағдай. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі», - деді «Казгидромет» РМК Алматы филиалы ауа райы болжамы бөлімінің басшысы Светлана Аманқұлова.

Алматы аумағында мұндай жағдай соңғы рет осыдан 9 жыл бұрын болған.

Светлана Аманқұлованың айтуынша, келер үш күнде Алматыда күн жылы болады. Ауа температурасы түнде 2-7 градус аяз, күндіз 0-5 градус жылы болмақ. 18 қаңтарда қар жаууы мүмкін. Жалпы, қаңтар айында Алматыда ауа райының төмендеуі, аяз күтілмейді.

Соңғы жаңалықтар