Сингапур сарапшысы: Тоқаевтың Жолдауы Қазақстанның ұлттық дамуын тұтас қамтиды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салық жүйесін жандандыру, ұлттық табысты неғұрлым әділ бөлуді қамтамасыз ету және барлық азаматтарды тиісті әлеуметтік бағдарламалармен қамтамасыз ету Қазақстанға икемді қоғам құруға мүмкіндік береді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына Жолдауы жайлы Сингапурдың С. Раджаратнам (RSIS) Халықаралық зерттеулер мектебі Наньянг технологиялық университеті жанындағы Төрағасының атқарушы орынбасары, Қорғаныс және стратегиялық зерттеулер институтының директоры Онг Кенг Йонг осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз халқының алдында маңызды Жолдауын паш етті. Бұл - Қазақстанның ұлттық дамуын тұтастай қамтитын жол картасы. Әсіресе рухтандыратыны – халқының өмірін жақсартуға және оларды болашаққа бағыттауға баса назар аударуы. Әсерлі тұсы – елді тұрақты болашақпен қамтамасыз етуі. Қазақстан сандық және білім экономикасына дайын болуы керек», - дейді сингапурлық сарапшы.

Онг Кенг Йонгтің пікіріне сүйенсек, салық жүйесін жандандыру, ұлттық табысты неғұрлым әділ бөлуді қамтамасыз ету және барлық азаматтарды тиісті әлеуметтік бағдарламамен қамтамасыз ету Қазақстанға икемді қоғам құруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз маңдай алды міндет – ұлттық бірлікке жету екенін, Қазақстан азаматтары бұдан былай да қазақ ұлтының игілігі үшін жұмыс атқара беруі тиіс екенін білдіреді.

«Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық дамуға, оның ішінде физикалық жабдыққа, заң және бағдарламалық қамтамасыздандыруға бетбұрысы әсерлі. Бұл оның ел экономикасын нығайту және болашаққа дайын болу үшін не істеу керектігін толық түсінетінін көрсетеді. Әлемдік экономика жаңа дағдылар мен технологияларға негізделген. Инновациялық және техникалық мүмкіндіктер шешуші рөлге ие болады. Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстанның соңғы онжылдықта қол жеткізген жетістіктеріне сүйенеді. Президент Тоқаев елді ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне қарсы тұрудың ұзақ мерзімді жоспарына кірісті. Мемлекет ішінде не істеу керектігін анықтай отырып, Президент Қазақстанның сыртқы майдандағы рөлін де ескереді», - дейді ол.

Сингапур сарапшысының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті прогреске жету үшін тамаша сыртқы қатынас қажеттілігін атап өткен. Ол елдің тікелей шетелдік инвестицияларға (ТШИ) және оның экспортына халықаралық нарыққа көбірек қол жеткізу қажеттігін жақсы түсініп отыр.

«Президент Қазақстанның сыртқы саясатының елдің болашаққа дайындығын күшейтетін реформалары аясында жалғасатынына көңіл бөлді. Құттықтауларым мен ізгі тілектерімді жолдаймын», - дейді Онг Кенг Йонг.


Соңғы жаңалықтар