Сингапур президентіне Назарбаев университетінің Құрметті профессоры атағы берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сингапур президенті Халима Якобқа Назарбаев университетінің Құрметті профессоры атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Халима Якоб 1978 жылы Сингапур Ұлттық университетінің заң факультетін үздік бітіріп, 2001 жылы сол оқу орнында магистр дәрежесін алған. Еңбек жолын Ұлттық кәсіподақ конгресінде бастап, Бас хатшының орынбасары, Заң қызметтері департаментінің директоры және Әйелдерді дамыту хатшылығының директоры қызметтерін атқарды. Мансап барысында ол сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер ұлттық кеңесінің кеңесшісі және Сингапурдың Қоғамдық даму, жастар және спорт министрі қызметін атқарған.


Бүгін елордадағы Назарбаев университетінде Халима Якоб «Арыстан қаладан - Ұлы далаға» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде спикер дін мәселесін де көтеріп, Сингапурда әртүрлі діни, этникалық топтар бар екенін атап өтті.

«Біз әр адамның өзі үшін маңызды және қолайлы дінді немесе конфессияны таңдай аларына сенеміз. Әр адам өз сенімін таңдауға құқылы. Біз діни көшбасшыларды шақырып, өз тәжірибелерімен алмасатын арнайы шараларды жиі ұйымдастырамыз. Жақында ғана біз үкіметтік емес ұйымдар қатысатын «Гармония» чемпиондар бағдарламасын іске қостық. Бұл бастаманың мақсаты – конфессияаралық үйлесімде чемпион болу», - деді Халима Якоб.

Сингапур Президенті Қазақстанның көпдінді, көпконфессиялы диалогты ілгерілетудегі тәжірибесін мысалға келтірді. Қазақстан жылдар бойы әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп келеді. Оның айтуынша, мұндай конференция 2019 және 2022 жылдары Сингапурда да өткізілген.


«Сингапурдың ынтымақтастық бағдарламалары аясында бізде азаматтық авиация, қаржы және т.б. салаларда өте жақсы серіктестік қатынастар орнаған. Бүгінгі дәріске шақырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Бұл жеке менің ризашылығым ғана емес, Қазақстан мен Сингапур арасында әріптестік қарым-қатынастың бар екендігінің белгісі. Біз сіздермен бірге өскелең ұрпақ үшін жарқын және гүлденген болашақ құрып жатырмыз», - деді Халима Якоб дәріс қонақтарына.

Айта кетейік, Сингапур Президенті Халима Якоб Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді.

Сондай-ақ, Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында 275 миллион АҚШ долларын құрайтын 12 құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар