Синдзо Абэнің өлімі діни ұйымның алған кегі болуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні атып өлтірген Тецуя Ямагами деген бұрынғы әскери қызметкер полиция бөлімшесінде екі күн тергелген соң прокурорларға тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Тергеу амалдары жалғасуда. Жапондық БАҚ-тың хабарлауынша, күдікті тергеушілерге бұрынғы үкімет басшысын анасы мүше болған діни ұйыммен байланысы бар деп есептегендіктен, атып тастағанын айтқан. Ал бұл отбасында қаржылық қиындықтар туғызған.

Полицейлер қылмыс орнынан таспамен жабыстырылып байланған болат түтіктерден қолдан жасалған тапаншаны тапқан болатын. Күдіктінің пәтерінен де осыған ұқсас қару үлгілері алынған.

«Менің ойымша, күзет пен қауіпсіздік шараларында проблемалар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Қалай болғанын анықтау үшін мүмкіндігінше тезірек егжей-тегжейлі тергеу жүргізілуі керек», - деді Нара полициясының басшысы Томоаки Оницука.

Атап айтқанда, тәртіп сақшылары қылмыскердің Нарадағы үгіт-насихат митингінде сөз алған Синдзо Абэге қалай жақындай алғанын және бұрынғы премьер-министрдің күзетшілері бұған неге тосқауыл қоймағанын түсінуге тырысуда.

Айта кетейік, осы уақытта Жапонияда парламенттің жоғарғы палатасына сайлау өтіп жатыр. Синдзо Абэ мүше болған Либералды-демократиялық партияның қазіргі жетекшісі, премьер-министр Фумио Кисида қазір «еркін және әділ сайлау» өткізу өте маңызды, өйткені олар «демократияның негізі» екенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар