Симптомсыз науқастар үйден ем алады - Біртанов коронавирусты емдеудің жаңа тәсілін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптадан бастап коронавирус симптомы жоқ науқастар стационарлық ауруханаға жатқызылмайды. Олар дәрігерлердің бақылауымен үйлерінде емделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні елімізде коронавирус инфекциясымен 12 124 адам ауырып, тіркеуге алынды. Қазіргі уақытта осы азаматтарға қатысты ақпараттарды толық зерттедік. Олардың 77 пайызы симптомсыз науқастар деп анықталды. Соған қарамастан тіркеуге алынған азаматтарға мемлекет тарапынан толықтай медициналық-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұл медициналық көмек тек қана халықаралық әріптестермен ақылдасқан, ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген клиникалық хаттама арқылы өткізіледі. Бұл хаттаманы еліміздің ең белгілі медицина мамандары әзірлеп бекіткен», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Министрдің атап өтуінше, аталған хаттама эпидемия басталғаннан бері 8 редакциялаудан өтті. Оны қолданудың арқасында науқастардың 58 пайызы, яғни 6 288 адам емделіп, ауруханалардан шығарылды.

«Қазіргі күні 5 836 науқас тіркелген, олар медициналық бақылауда. Жақында біз осы ғылыми-зерттеу жұмысымыздың негізінде еліміздегі коронавирусқа қарсы шараларды өзгертіп, жаңа тәсіл енгіздік. Ол халықаралық стандартқа да сай келеді. Біз симптомсыз науқастарды ауруханаға жатқызбай жергілікті емханаларда, үйлерінде, яғни стационарлық карантинге жатқызбай үй карантинінде бақылауға аламыз. Мұндай науқастарды бақылау жауапкершілігі жергілікті емханаларға жүктеледі. Учаскелік дәрігерлер арнайы дайындықтан өткен. Бүгінде ауруы жеңіл деңгейдегі науқастардың көпшілігі инфекциялық ауруханаларда жатыр. Бірақ, осы аптадан бастап жаңа хаттаманы енгіземіз», - деді министр Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар