СІМ мен «Самұрық-Қазына» бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ жақында жасалған Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру мақсатында Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тиісті құжатты Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бекіткен.

Жоспарға сәйкес, Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық миссиялары экономикалық дипломатияны дамыту аясында аталмыш қорға өз стратегиялық міндеттерін іске асыруға жәрдемдеседі. Шетелдік серіктестерді тарту арқылы Қазақстанның басым секторларында тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу жұмысы қарқын алады.

Құжат инвестиция тарту, халықаралық іс-шаралар және ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын өткізу, энергетикалық кешенді дамыту, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын, транзиттік және көлік әлеуетін іске асыру, елімізге технологиялардың трансферті және қазақстандық экспортты ілгерілету бойынша өзара әрекеттестіктің бағыттарын нақтылады. Шетелдік серіктестермен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бірлесіп бақылау жүргізіледі. Қазақстанның шет елдермен екіжақты іскерлік кеңестерін дайындау мен өткізудегі күш-жігерді үйлестіруге ерекше мән беріледі.

Сыртқы саяси ведомство өз қызметінде салалық министрліктер және ұлттық компаниялармен белсенді түрде жұмыс істейді. Қазіргі таңда қабылданған бірлескен құжаттардың аясында Инвестициялар мен даму, ауыл шаруашылығы, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, мәдениет және спорт министрліктерімен, сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастық жүйеленген. Сондай-ақ, «Kazakh Export» АҚ-мен меморандум және іс-шаралар жоспары қабылданады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар