Сигнал жүйесі болмаса, Абай шахтасында өрт болар еді – Юрий Ильин

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай қаласындағы шахтада сигнал жүйесінің мінсіз жұмысының арқасында өрт тұтанбады. Бұл туралы Қарағанды қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай Қарағанды өңіріндегі көмір бассейнінің кез келген шахтасында метан көп кездеседі. Бұған дейін де аталған шахтада метанның тарауы болған. Бірақ концентрация шекті мөлшерден аспайтын. Метанның үлесі 5-тен 16 пайызға дейін артқанда қауіп туындайды. Соның салдарынан жарылыстар болып, өрт шығады. Осыған дейін де айтқанымдай, бұл жолы метан кенет тараған. Оның ауадағы үлесі 40 пайыздан асып кеткен. Сигнал жүйесінің арқасында электр қуатын беру тетігі уақытында ажыратылып, шахтада өрт тұтанбаған», - деді министр.

Юрий Ильин қаза болған кеншілердің денесі сот сараптамасынан өтетінін де айтты.

«Кісі өліміне метанның кенет тарауы себеп болғаны айқын. Соның өзінде сот сараптамасы өлімнің себебін анықтау үшін зерттеу жүргізіп жатыр. Тәулік ішінде мәйіттерді ашу арқылы ресми қорытынды аламыз деп ойлаймын», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, қазір Абай шахтасындағы кенжарлардың бәрінде жұмыс уақытша тоқтап тұр.

«Ондағы ахуал мен қауіпсіздік мәселелері, шахтада қолданылып жүрген қондырғылардың жағдайы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі», - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.

Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімдері.

ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған. Министр шахтада көз жұмған кеншілердің отбасыларына 10 жылдық тіршілік шығыны төленетінін, сондай-ақ несиелерін жабу, баспана беру, студент балаларының оқуын төлеу мәселелері пысықталатынын жеткізді.

Сонымен қатар Ю.Ильин «Абай шахтасы жабыла ма?» деген сұраққа жауап берді.


Соңғы жаңалықтар