Сиднейге келіп тоқтаған круиз лайнеріндегі 800 туристен коронавирус табылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сидней портына келіп тоқтаған Majestic Princess круиздік лайнеріндегі шамамен 800 жолаушыдан коронавирус анықталды. Кемеде жалпы 3 мыңнан астам жолаушы мен 1 мың экипаж мүшесі бар. Бұл туралы ҚазАқпарат Аустралиядағы ABC корпорациясының сенбі күнгі мәліметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Carnival Australia оператор компаниясының дерегі бойынша, инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі – жолаушылар, олар өз каюталарында оқшауланған.

Круиз 12 күнге созылды. Ауру орта жолға келгенде өрши бастаған.

ABC хабарлауынша, Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының денсаулық сақтау департаменті лайнерде COVID-19 таралуына байланысты ескерту жарияланғанын растады.

2020 жылы наурызда Аустралия порттарында пандемияға байланысты круиздік лайнерлерге тоқтауға және тұруға тыйым салынған болатын.

Оған Ruby Princess кемесіндегі оқиға себеп болды. 2020 жылы наурызда осы кеме экипажы борттағыларда вирус барын жасырып қалған еді.

Жолаушылар жағаға шығып, үйлеріне тарап кетті. Соның салдарынан 600-ден астам адам коронавирус жұқтырып, оның 28-і көз жұмды.

Аустралия мен Жаңа Зеландия тергеу жүргізіп, оның нәтижесінде Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының денсаулық сақтау департаменті қызметкерлері кінәлі деп танылған еді.

Круиз лайнерлерінің тоқтауына тыйым 18 сәуірде алынып тасталды, бірақ алғащқы лайнер круизге тек 1 маусымда шықты.


Фото: AP Photo/ Mark Baker

Соңғы жаңалықтар