Сібірдегі өрт Қазақстан үшін қауіпті ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ресейдің Сібір аумағындағы өрттің таралуы Қазақстанға қауіп тудырмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл өрт бізге қатер тудырмайды. Төтенше жағдайлардың үйлестірушісі ретінде барлық өртке қатысты мәселені бақылауда ұстауға және дер кезінде көмек көрсетуге тырысамыз», - деді В. Беккер.

Оның пайымынша, ел аумағы үлкен болғандықтан тілсіз жаумен күрес ресейлік құтқарушылар үшін қиынға соғып тұр.

«Біз өртті бастапқы кезеңде өшіруге бар күш-жігерімізді салып келеміз. Өкінішке қарай, Ресейде табиғи өрттер проблемасы бар. Өйткені бұл елдің аумағы өте үлкен. Сонымен қатар, біздегі сияқты РФ-те елді мекендер арақашықтығы тым алшақ. Ресейліктер өрт ошақтары анықталған жағдайда бізге хабар береді. Бұл шаралар өртке уақытылы әрекет ету үшін жасалады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін елорданы басқан түтін Ресейдегі орман өрттерінен келіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

25 шілдедегі мәлімет бойынша, Ресейдің Краснояр өлкесі мен Иркутск облысында өртке оранған орман алқабының аумағы миллион гектарды құрады.

Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов Сібірдегі орман өртінің түтіні елордаға қайта келетінін, бірақ оған алаңдауға еш негіз жоқтығын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар