ШЫҰ Жастар кеңесі жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер аумағында жас кәсіпкерлердің жобаларына қолдау білдіретін бизнес-инкубатор құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Астанада өткен ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысында ШЫҰ Жастар Кеңесіндегі Ресей ұлттық бөлімінің жауапты хатшысы,  «Ресей жастар одағы» жалпыресейлік қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары Татьяна Селиверстова мәлімдеді.

«Аталған жоба ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына арналған. Біз әрбір қатысушы елдің 6 өкілін шақырамыз. Олар Мәскеуге келген соң, ШЫҰ аумағындағы бизнес туралы бір айлық білім беру бағдарламасы басталады», - деді Татьяна Селиверстова.

Бизнес-инкубатор 2017 жылдың 18 қыркүйек - 5 қазан аралығында Мәскеу энергетикалық университетінде өтеді. Жауапты хатшының айтуынша, қатысушылар ағылшын тілінде Ресейдің және ШЫҰ елдерінің сыртқы экономикалық қызмет саласындағы сарапшыларының дәрісін тыңдайды. Білім беруден бөлек, жобада тәжірибелік бағдарлама да қарастырылған.

«Біз 18-35 жас аралығындағы кәсіпкерлерді үш топқа бөлеміз және әр топта кемінде  ШЫҰ 3 мемлекетінің өкілдері болады. Бір ай бойы қатысушылар жетекшілерімен бірге өз бизнес-идеяларын жетілдіреді. Дайын болған бизнес-жобаны инкубатордың ақтық кезеңінде инвесторларға көрсетеді және 1, 2, 3 орындардың жеңімпаздары анықталады. Оқыту аяқталған соң әрбір қатысушыға біліктілігін көтеру туралы мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі», - деп толықтырды ол.

Атап өткен жөн, бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар форумы өз жұмысын бастады. Биылғы форум Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өтеді. Оған Ресей, ҚХР, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Пәкістан мен Үндістаннан келген жастар ұйымының көшбасшылары арнайы келді.  

Соңғы жаңалықтар