ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің жаңа директоры таныстырылды

None
None
ТАШКЕНТ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Жанат Жарасов сейсенбі күні Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің жаңа директорын таныстырды.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің шешіміне сәйкес, 2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылым Атқарушы комитетінің директорлығына үш жылдық мерзімге Қазақстанның өкілі генерал-лейтенант Жеңісбек Жұманбеков тағайындалды.

Құрылымның Атқарушы комитетінің жаңа басшысын таныстырған генерал-майор Жанат Жарасов, ұжымға және жаңадан тағайындалған басшыға лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күрестегі ШЫҰ елдері құзырлы органдарының күш-жігерлерін біріктіру жөніндегі белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруға тілектестік білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, генерал-лейтенант Жеңісбек Мұхамедкәрімұлы Жұманбеков әр жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетін және оның құрылымдық бөлімдерін басқарған, сондай-ақ арнайы қызметтің шетелдердегі мүдделерін қорғаған. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы Атқарушы комитеті директорының орынбасары болған.

Соңғы жаңалықтар