ШЫҰ-ның Экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі органын құру қажет - С.Жээнбеков

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі органын құру керек. Мұндай ұсынысты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер кеңесінің 19-отырысында Қырғыз Президенті Сооранбай Жээнбеков жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бішкектен.

"Әдетте экономикалық қылмыстар трансұлттық сипатта болады. Олар есірткі саудасымен, контрабандамен, қылмыстық жолымен алынған кірісті жылыстатумен тығыз байланысты. Соңында олар мемлекет қауіпсіздігі үшін қатер төндіреді. Қырғыз тарапы ШЫҰ-ның экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі органын құруды ұсынады", - деді Қырғыз Президенті.

Осы ретте С.Жээнбеков қазіргі заманда интернет кеңістікте тарап жатқан сын-қатерлер мемлекет қауіпсіздігі үшін шынайы қатер болып отырғанын баса айтты.

"Тексерілмеген, тіпті көбіне қасақана жалған ақпараттардың таралуы жиілеп кетіп, теріс әсер қалыптастырып отыр. Қылмыстық, лаңкестік және әскери-саяси мақсаттарға ІТ-технологияларды пайдалану қаупі күшейе түсуде. Осыған орай ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - ШЫҰ күнтәртібіндегі маңызды мәселеге айналуы тиіс деп санаймыз", - деді ол.

Қырғыз Президенті цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл, өңіраралық ынтымақтастық жүйесін қалыптастыру маңызды екендігін атап өтті.

"ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірқатарында бұл салада жинақталған мол тәжірибе бар", - деді С.Жээнбеков.

Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті В.Путин, Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон қатысып отыр. Мұнан бөлек, байқаушы елдерден Ауғанстан Президенті А.Гани, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Иран Президенті Х.Рухани, Моңғолия Президенті Х.Баттулга келді.

Фото: kg.akipress.org

Соңғы жаңалықтар