ШЫҰ-ны 2025 жылға дейін дамыту стратегиясын әзірлеу міндеті тұр - К. Мәсімов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШЫҰ-ның 2025 жылға дейін дамытудың стратегиясы қазіргі заманғы сын-қатерлерге дер кезінде іс-қимыл жасауға қауқарлы етеді.

Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

ШЫҰ өзінің бұдан ары қарай дамуының жолдарын іздестіріп жатқандығына тоқталған К. Мәсімов, «осыған байланысты біздің алдымызда ШЫҰ-ны 2025 жылға дейін дамытудың стратегиясын әзірлеу бойынша кешенді жұмысты жүргізу міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұйымның әлеуетін ашып, оны қуатын арттырып, қазіргі заманғы сын-қатерлерге дер кезінде іс-қимыл жасауға қауқарлы етеді. Осы арқылы ұйым қызметіне серпін бере аламыз»,-деді.

Премьер-Министрдің айтуынша, ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын бекіту жоспарын ескере отырып, көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын орындау бойынша қолданыстағы шаралар жоспарын түгендеу қажеттілігі, сондай-ақ 2017-2021 жылдарға ШЫҰ аясында жобалық қызметті ары қарай дамыту бойынша шаралар тізбесін әзірлеу мәселесі келісілді.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, отырыс қорытындысы бойынша тиісті министрліктерге келесі отырыстың қарсаңында аталған құжаттардың жобасын даярлау тапсырмасы беріледі.

Соңғы жаңалықтар