ШЫҰ кеңсесіндегі қытайлық каллиграфия байқауында қазақстандықтар топ жарды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шығыс Қытай педагогикалық университетінің (Шанхай) студенті Дана Тойбағарова және Қытай мұнай университетінің (Циндао) екінші курс магистранты Ерғали Саянұлы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері арасында өткен «Гочжэнь Кубогы» қытайлық каллиграфия байқауында бірінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі.

Екінші орын да қазақстандық Руслан Төленовқа бұйырды. Үшінші орынды Қытай педагогикалық университетінің студенті Мәдина Балағұлова жеңіп алды.

«Мен «Химиялық инженерия және технология» мамандығының магистрантымын. Бакалавр дәрежесін Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық университетінде алғанмын. Қазақстанда Конфуций институтына жиі баратынмын. 9-10 маусым күндері Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне волонтерлыққа жазылып қойдым. Егер мені қабылдаса, саммитке қатыса аламын», - деді Ерғали Саянұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Байқауды «Жэньминь хуабао» баспасы мен Қытай ақпараттық интернет-орталығы қытай мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырған. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Үндістан, Пәкістан, Әзербайжан, Армения, Камбожда, Шри-Ланка елдерінен 40-қа жуық адам қатысты.

Қытайлық каллиграфия - иероглифтерді әсерлі етіп жазу өнері. Шығыста каллиграфияға ерекше мән берген және бұл жұмыс адамның рухани дамуына ықпал етеді деп санаған.






Соңғы жаңалықтар