ШЫҰ-ға қатысушы елдерде роуминг құны төмендетілуі мүмкін - Д. Медведев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШЫҰ-ға қатысушы елдерде роуминг құны төмендетілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында РФ Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев мәлім етті.

«Біздің серіктестердің қарауында ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар саласында бірнеше құжаттар ұсынылған. Оның бірі роумингте электробайланыс қызметтеріне тарифтерді төмендетуге қатысты», - деп тоқталды Д. Медведев.

Ал келесі құжат электронды қолтаңбалар үшін мәліметтерді алмасуға қатысты. Оның пайымынша, бұл өз кезегінде келісімдерді жедел бекіту үшін және келісімшарттық қатынастарға түсіп жатқандардың ниетін анықтауда өте маңызды.

Осы орайда ол бұл бастамалардың маңыздылығы жоғары екенін және көптеген азаматтардың мүддесіне сай келетіндігін жеткізді.

РФ Премьер-Министрінің айтуынша, бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттарының біреуі ортақ көліктік кеңістікті қалыптастыруға байланысты.

«Менің ойымша, биылғы қыркүйекте бекітілген халықаралық автомобиль тасымалдары бойынша келісім ШЫҰ елдерінің өзара байланысын кеңейтеді. Келісі қадам - автокөлік жолдарын үйлестіріп дамыту бағдарламасы. Оның жобасы қазіргі кезде ШЫҰ-ға еніп отырған елдердің ведомстволарымен қарастырылуда», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар