ШЫҰ елдері шекаралық ынтымақтастықты күшейтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойған. Құжаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру.

«Конвенция экстремизм түсінігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді, оның мазмұны мен экстремистік іс-әрекеттің негізгі түрлерін анықтайды. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экстремизмге қарсы күрес саласында өзара іс-қимылын қалыптастырады», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Конвенцияны іске асыру: ШЫҰ елдерінің аумағына экстремистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге; экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға; экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге; экстремистік идеологияның таралуын уақтылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар