ШЫҰ елдері барлық мәселелерді тек диалогқа сүйеніп шешеді - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шанхай сегіздігі» аясында толық құрамда өткен самиттің жауапкершілік аумағының кеңейгені байқалды. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкінбаев білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Циндаода өткен саммит Шанхай ынтымақтастық ұйымының Азия өңірінде маңыздылығы арта түскенін тағы бір мәрте аңғартты. Себебі ұйым аясында елдердің аумағындағы түрлі салалардағы мәселелерді шешуде ШЫҰ өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар Қытай төрағалығымен өткен саммит жаңа сапада көрінді. Бұл ауқымды шара  алғаш рет алтылық емес, «Шанхай сегіздігі» аясында толық құрамда өтті. Сәйкесінше, оның аясында жаңа күн тәртібі енгізіліп, тың мәселелер пысықталды», - деп атап өтті сарапшы.

Оның пайымынша, осыған дейін пайда болған «Шанхай рухы» термині өз мағынасын алдағы уақытта сақтап қалуы тиіс. Бұл өз кезегінде қарсыластықтың емес, «ынтымақтастықтың рухы» деген мағына білдіреді. Бұл тұрғыда барлық мәселелер тек диалогқа сүйеніп шешілетіні негізгі ұстаным ретінде белгіленген.

Осы орайда «Шанхай рухы» жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге қауқарлы екеніне тоқталған С. Көшкінбаев: «Атап айтқанда,  бірінші рет сегіздік форматында өткен ШЫҰ-ның саммитінде Циндао декларациясы қабылданды. Құжатқа ұйымға мүше 8 мемлекеттің басшылары қол қойды. Жалпы, ұйымға мүше елдердің барлығы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін танытып отыр», - деді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған самит аясында президенттер 17 құжатты рәсімдеді.

Олардың қатарында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт ережесін жүзеге асырудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіту жөніндегі шешімі, 2019-2021 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастық бағдарламасын бекіту шешімі, 2018-2023 жылдарған арналған есірткіге қарсы стратегиясын және оны орындау жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын бекіту шешімі бар.

«ШЫҰ-ға мүше елдер қауіпсіздік, экономика, мәдениет және гуманитарлық байланыс салаларындағы қатынастарды дамытуға айрықша назар аударып келеді. Сонымен қатар күн тәртібінде терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимылдар үнемі назардан тыс қалмай келеді. Әрине қауіпсіздік проблемалары бойынша ынтымақтастық шаралары жалғаса береді де», - деп тоқталды сарапшы.

Бұл ретте ол ШЫҰ орталығында Орталық Азия және Ауғанстан тұрғанын, Ауғанстан проблемалары әлі де толықтай шешімін таппағанын еске салып өтті.

Соңғы жаңалықтар