ШЫҰ елдері Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын талқылауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше сегіз елдің үйлестірушілері 2018 жылғы 9-10 маусым аралығында Циндаода өткен ШЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыруды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

«Үстіміздегі жылғы тамыз айының ортасында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің бірінші отырысы өтеді және оның шеңберінде тараптар азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламасының жобасын талқылауды жоспарлауда», - деді ШЫҰ-ның Қазақстан тарапынан Ұлттық үйлестірушісі Ерлан Әлімбаев.

Оның атап өтуінше, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы бастаманы 2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, 2018 жылдың басында егжей-тегжейлі консультациялар қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауына ие болды.

 «Бұл бастаманың іске асуы азық-түлік өндіруші елдердің экономикасымен тұтынушы арасындағы үйлесімді өзара байланысты қамтамасыз етеді. Бағалар динамикасына, миллиондаған адамдардың азық-түлікке қол жеткізуіне оң әсер етеді және жалпы ШЫҰ кеңістігінің тұрақты дамуына әсерін тигізеді», - деп мәлімдеді дипломат.

Циндао қаласында өткен ШЫҰ Саммитінде бұл құжатты одан әрі пысықтау және алдағы ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінде қабылдау бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Басшылары кеңесінің Шешімі қабылданған болатын. Ұлттық үйлестіруші түсіндіргендей, бағдарлама ауыл шаруашылық пен өңдеу өндірістерін қаржыландыру тетіктерін, өнімді сертификаттау және ШЫҰ кеңістігінің ішінде экспорт-импортқа қолғабыс көрсету мәселелерін шешуді қамтиды.

Соңғы жаңалықтар