ШЫҰ елдері арасында сауда-саттық ұлттық валюталарда жүргізілуі мүмкін

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Қыркүйекте Самарқанда өтетін ШЫҰ мемлекеттерінің саммитінде ұйым елдері арасында ұлттық валютада есеп айырысу туралы шешім қабылданады. Бұл туралы ШЫҰ Хартиясының 20-жылдығына арналған «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы: Орталық Азиядан Еуразияға дейін» атты халықаралық конференцияда ШЫҰ-дағы Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі Ерлік Әли мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияның негізгі мақсаты – Еуразиядағы өзара байланысты күшейту жолындағы Орталық Азияның саяси платформа ретіндегі әлеуетіне баға беру. Сондай-ақ таяуда болатын Самарқан саммитіне дайындық барысында тиісті бастамалар мен ұсыныстарды әзірлеу жоспарланған. Нәтижесінде айтылған идеялар мен сараптамалық жұмыстар ұйымды трансформациялауда қолданылады.

Бұдан бөлек, қазақстандық дипломат Ерлік Әли Самарқанда өтетін саммит аясында қабылданатын қауіпсіздік, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы құжаттардың маңыздылығына тоқталды.

«Экономикалық тұрғыдан алғанда, Орталық Азия аймағының барлық елдері бір-бірімен тығыз байланысты. Сәйкесінше бір елде қолға алынған істер басқа мемлекеттерге де әсер етеді. Қытай, Қырғызстан және Өзбекстанмен арадағы теміржол транзитін дамытуға қатысты мәселелер бар. Мұны барлық елдер қолдап отыр. Атап айтқанда, Ресей мен Қазақстан осы жобаларға қосылуға дайын. Самарқан саммиті шеңберінде ұлттық валюталарда өзара есеп айырысу туралы ұсыныс та қабылданады. Жаһандық қаржы нарығы шайқалған кезде мұның қаншалықты маңызды екенін өзіңіз түсінесіз», ‑ деді Ерлік Әли.

Халықаралық конференцияға ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық үйлестірушілері, терроризмге қарсы өңірлік ұйым өкілдері және 10-ға жуық елдің жетекші сарапшылары қатысты.

Еске сала кетейік, Самарқанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитінде бірқатар елдің ұйымға кіру өтінімі қаралады.

Сонымен қатар, ұйымның құрылғанына 21 жыл толуына орай Өзбекстан астанасында «ШЫҰ халықтарының музыка кеші» концерті өтті.



Соңғы жаңалықтар