ШЫҰ байқаушылары Қазақстанның 7 қаласында сайлау процесін бақылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясының өкілдері Қазақстанның 7 қаласында сайлау процесін бақылайды. Бұл туралы елордада Орталық сайлау комиссиясында тілшілердің алдында сөз сөйлеген Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясының басшысы - ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа ғана ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мырзамен кездестік. Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясы ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың шақыртуымен Нұр-Сұлтанға келді. Осы шақыртуға байланысты ҚР Президентін кезектен тыс сайлау барысын бақылайтын ШЫҰ байқаушылар миссиясы құрылды. ШЫҰ-ға жүктеліп отырған міндеттердің бірі - президент және парламент сайлауларына, референдумдарға бақылау жүргізу. Бұл жұмыс біздің ұйымда 2006 жылы қабылданған тәртіпке сай жүргізіледі», - деді Владимир Норов.

Оның айтуына қарағанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясы ең алғаш 2004 жылы Қазақстанда жұмысын бастаған.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясы мүше-мемлекеттердің 25 өкілінен тұрады. Ол өкілдер өз елдерінің заңнамалық, құқықтық салаларынан келіп қосылған. Олар - жоғары санатты саясаткерлер. Біздің миссия бүгінгі күні Қазақстанда жұмысын бастап кетті десе де болады. Біздің өкілдер Қазақстаның 7 қаласында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Атырау және Өскемен қалаларында жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, біз 6 аймақты, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Атырау, Түркістан және ШҚО-ны қамтып отырмыз», - деді ол.

Владимир Норов өз сөзінде ШЫҰ байқаушылар миссиясы сайлаудың әділ өтуі үшін барынша күш салатынын атап өтті.

«7 маусымда толыққанды жұмысты бастап, 8 маусымда - тыныштық күні десек, 9-ында біздің өкілдер өз қызметін орындап, сайлау процесіне бақылау жүргізеді. Әлбетте, Қазақстанның сайлау заңнамасында біршама жаңашылдықтар барын біліп отырмыз. Бұл жаңашылдықтар ШЫҰ елдеріне де үлгі болары сөзсіз», - деді ол.

Айта кетейік, алдағы 9 маусым күні өтетін президенттік сайлауға 7 кандидат түседі.

Соңғы жаңалықтар