ШЫҰ Бас хатшысы: Менің жастық шағым Астанамен байланысты

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Рашид Алимов Астананы 20 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Мен «Астана» деген сөзді естігенімде, жастық шағым еске түседі. Астана - әлемдегі ең жас астана болғандықтан ғана емес, менің жастық шағым осындай тамаша қаламен байланысты болды. Мен бес жыл бойы Қазақстан студенттер құрылыс жасағында жұмыс істедім. Целиноград менің қалыптасып, аяқтан тұруыма куә болған қала. Мен осы қалада алғаш рет өз болашағымның алдындағы жауапкершілікті сезіндім», - деді ол ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Дипломаттың айтуынша, 2005 жылдың қазанында Қытайға келердің алдында оған достары болашақ Астананың жобасын көрсеткен.

«Бір жыл бұрын бірнеше рет Астанада болдым. Күн сайын 8-10 шақырым жаяу жүріп, қаланы аралайтынмын. Маған 12 жыл бұрын көрсеткен болашақты өз көзіммен көрдім. Астана көз алдымда күн сайын өсіп, дамып, сұлуланып келеді. Елорда - қонақжай, адамдарға ашық, жаңа идеялар қаласы», - деп атап өтті ол.

«Мен «идея» сөзін жай айтқан жоқпын, - деп жалғастырды Р.Алимов, - себебі Астана - болашақтың қаласы. Ол жаңа бастамалар ұсына отырып, өсіп жатыр, яғни  инновациялық қала».

«Таяу күндері «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылады. Бір жыл бұрын барлығымыз ЭКСПО Астана-2017 халықаралық мерекесіне куә болдық. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымы алғаш рет өз павильонын ұсынды. Астана - тартымды, шырайлы және өзгеше қала», - деді ол. 

Соңғы жаңалықтар