ШЫҰ аясындағы келісімдері Қазақстанның Азия нарығын игеруіне ықпал етеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 18-саммиті аясындағы кездесу барысында Қытай мен Қазақстан тарапынан қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның көпвекторлы саясатын айқындай түседі. Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ойынша, Елбасының Қытайға сапары Қазақстанның экономикалық саладағы көпвекторлы саясатының айқын көрінісі болып отыр.

«Қазақстан Еуроодақпен жақсы қарым-қатынаста. Қазақстанға ең көп инвестиция құйған ел - Нидерланды. Ал, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына көбіне Азияның алпауыттары кіреді. ШЫҰ алаңы Қазақстанды Азия нарығына шығаратын алтын көпір болмақ. Азия елдерін Қазақстан әлі игере қойған жоқ. Бұл әлеуеті мол жаңа нарық. Аграрлық салаға келсек, бір ғана Үндістанның сұранысының өзі Қазақстанға көп табыс әкеледі. Үндістанның мүмкіндігі өте жоғары ел. Онда дәрі-дәрмек, ІТ саласы жақсы дамыған. Бұл орайда аграрлық сала Қазақстан экономикасының драйвері болатынынан күмән тумайды. Пәкістанның өзінде тоқыма, тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған. Мәселен, Қытай мен Түркия тауарларына балама ретінде Пәкістанның арзан тауарлары тасымалданса да жақсы болар еді. Сондықтан ШЫҰ аясындағы ықпалдастықтың болашағы өте жарқын», - деді Атамұрат Шәменов.

Оның пікірінше, келісім жасалғанда Қазақстанның мүддесі тыңғылықты қаралуы керек. «Келісімшарт жасасқанда өз мүддемізді бірінші кезекте ойлауымыз керек», - деді А.Шәменов.

Айта кету керек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізген болатын.

Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

 

Соңғы жаңалықтар