ШЫҰ аясында жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасатын алаң қажет - Елбасы

None
None
ЦИНДАО. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында цифрландыру мен жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасатын алаң құру қажет. Бұл туралы бүгін Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемде әлемдік валюта себетін әртараптандыру, валютаға тәуелділікті төмендету және криптовалютаның пайда болуы туралы көп айтылып жүр. Осыған байланысты біз ШЫҰ-ның барлық елдерінің ұлттық валютасында өзара есеп айырысуға көшуді елдеріміздің экономикасының қауіпсіздік аспектілерінің бірі ретінде ойластырған жөн. Біздің елдеріміздің Орталық банктері бүгінгі Циндао саммитінен кейін бірге бас қосып, сәйкесінше жол картасын әзірлеуді бастай алар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында экономиканы цифрландыру мен роботтандыруда жаңа технологиялық трансформация жүріп жатқанын айтты.

«Цифрландыру мен жаңа технологиялар саласында тәжірбие алмасу жөніндегі алаң құру мүмкіншілігін қарастыруды ұсынамын»», - деді Елбасы.

Айта кетейік, отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысуда.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.

Соңғы жаңалықтар