Шырғалаң жылдар шындығы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақ халқының тарихында қайғылы күндер аз болған жоқ. Талай зобалаң бейбіт елдің мазасын алып, берекесін қашырды.

Аспанымызға қара бұлт болып төнген өткен ғасырдағы 30-шы жылдар ел есінде ешқашан өшпек емес. Сол қиын-қыстау күндерді басынан өткерген бабаларымыз аштықтың да зардабын тартып, саяси қудалаудың да кебін кигені баршамызға белгілі. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың басынан өткерген осынау қайғы-қасіретін ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, бүгіндері мұрағат қоймаларында тайға таңба басқандай сол аласапыран кездерден сыр шертетін деректерге толы құжаттар сақталған.

Осы орайда, «ҚазАқпараттың» өңірдегі тілшісі зұлмат жылдары еліміздің ең көп зардап шеккен өңірлерінің бірі Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатына болып, шаң басып, сарғайған құжаттарды ақтарып көрді. Сондай-ақ, аталған мұрағат директоры Гүлбаршын Салықпен кездесіп, сөзге тартқан еді.

Оның айтуынша, аждаһадай аранын ашқан аштық миллиондаған қандастарымызды қайғылы қазаға ұшыратты. Ал жарлының малын, жалғыздың жанын алған саяси қуғын-сүргін барысында қаншама зиялы қауым өкілдері «халық жауы» атанды. Олардың дені қиян шеттерге жер аударылып, ал енді бір бөлігі кеңестік империяның құрбанына айналды.

«Тарихтың тереңіне көз салсақ, сол қарапайым адамдарды қудалаудың басты құралы олардың кеңестік саясатқа қарсы топ құрып, шетелдің тыңшысы болды деген жалған жалалар еді. Ауылдағы мал баққан қарапайым шопан да, қаладағы өндірісте еңбек еткен жұмысшы да осындай айыптарды арқалап, өз ошағынан аластатылып, темір торларға қамалды.

Кеңестік үкіметтің бұл қасаң саясаты ең алдымен елді тапқа бөліп, бірлі-жарымды малы болса, оны бай-құлақ деп қоғамнан оқшаулау мақсатын ұстанды. Бұл зобалаңнан ешкім қашып құтыла алмады. Жанары жасқа толған жесір мен жетім бала жаутаңдап, қара киім киген адамдар аяғының астында тапталып жатты. Амал қанша, оларды қорғар кім бар дейсің?! Қауқардың жоқтығы осындай теперіштерді бастан өткеруге себепші болды.

Қазақ еліндегі саяси қудалау науқанының басында сол тұста республиканы басқарған Голощекиннің тұрғанын тарихтан да білеміз. Елді басқаруға сайлана салысымен ауыл-аймақты «кеңестендіремін» деп аласұрды. Сөйтіп, «Кіші қазан» науқанын бастап та кетті. Аштықтың кебін киген халықты тамақтандырудың орнына, оларға қасық пен шанышқыны ұстауды үйретемін деп өзінше пәлсапа соқты.

Сол 30-жылдардың басында күштеп ұжымдастыру кезінде республика бойынша колхозшылардың - 87 және жекеменшік тұрғындардың 51,8 пайызы өз малдарынан айырылды. Осының бәрі қазақ халқының аштыққа ұшырауына әкеліп соқты», - деп сөзін одан әрі жалғастырды кейіпкеріміз.

«Бұл зобалаңнан құтылар-құтылмаста саяси қудалау нәубеті басталды. Отызыншы жылдары 1 миллионнан астам тұрғылықты халық өкілдері елден шетке көшуге мәжбүр болды. Олардың 616 мыңы аштық нәубеті басылғаннан кейін де өз ошағына оралған жоқ. Ал Сталиннің саясатымен бос жатқан қазақ жеріне Ресейдің орталық өлкелерінен бай-құлақтардың отбасыларын көшіріп қоныстандырды.

Үштік сотпен бас еркінен айырылғандар көбейе түсті. Ешкімді алалап қараған да жоқ. Біреудің сыртынан арыз жазылса болды, ол «халық жауы» болып шыға келді. Сол кезде бұрынғы Көкшетау облысында 4978 адам сотталған екен. Кейінгі жылдары олардың 4301-інің есімі қайтарылып, ақталды. Ал тағы 440 адамға байланысты материалдар Бас прокуратура мен әскери прокуратураға қарау үшін жолданды. Сонымен қатар, соттан тыс органдармен 1101 адамға үкім шығарылып, оның ішінде 665-і ату жазасына кесілді. Егер деректерге жүгінсек, осы адамдардың ішінде орыстардың саны - 246, қазақтар - 211, поляктар - 230, немістер - 149 болды және осылай жалғаса береді», - деп сөзін қорытындылады Г.Салық.

Міне, біздің тарихымызда осындай қаралы күндер елесі аз кездеспейді. Ел болып, етек жинаймыз деп жатқанда қаншама қандастарымыз зобалаңға түсіп, қиындықтың тезіне ұрынды. Енді ғана тәуелсіздік алып, көк туымызды биікке көтеріп жатқан шағымызда осындай тарихтың елестерін жиі еске аламыз. Еш негізсіз, нақақтан-нақақ жапа шеккен жандардың рухына тағзым ету - бүгінгі ұрпақтың парызы.

Соңғы жаңалықтар