Шыңжаңдық жас жұбайлар Бейжіңге атпен 99 күнде жетті - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ғабиден Советұлы қол күрестен Overall сайысында ел чемпионы атанды - Kaznews

2021 жылдың 4 желтоқсан күні Ұланбатыр қаласында қол күрестен ел чемпионаты өтті. Баян-Өлгий аймағының спортшылары қатысып 2 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Kaznews.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Бақытжан Жанатұлы - 100 келі салмақта оң қолмен күш сынасып күміс, сол қолмен күш сынасып қола жүлдегер атанды.

-70 келі салмақта сол қолмен күш сынасқан Нұртуған Тұрсынханұлы күміс жүлде, Нұрболат Хабылханұлы қола жүлдеге ие болды.

Нұртуған Тұрсынханұлы -80 келі салмақ дәрежесінде де сынға түсіп қола жүлдегер атанған.

«Ал, -100 келі салмақта сайысқа түскен Ғабиден Советұлы оң және сол қолмен күресіп ел чемпионы атанды.

Сонымен қатар, +100 келі салмақта күміс жүлде, барлық салмақтар арасындағы Overall сайысында жеңімпаз атанды», деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ

Жеменей ауданы «Дала салты» ат спорты курсын ашты - Ағажай-Алтай

Қысқы мұз және қар туризмімен айналысуды жақсарту үшін Жеменей ауданының «Дала салты» атты ат спортының өнімділігін арттыруға арналған 5 күндік оқу-жаттығу сабағы өтті, деп хабарлайды Ағажай-Алтай порталы.

Ат спортының жаттықтырушысы Мархабат Алқабекұлы бұл курста көпшілікке қазақтың ат өнерін көрсетудегі дәстүрлі әдеп-ибасы сияқты ережелерді, ұлттық киім киюдегі талаптарын таныстырды.

Сондай-ақ көкпар, қыз қуу, теңге ілу, ұлттық би, көші-қон мәдениеті мен осы заманғы ағылшын үлгісіндегі атқа міну ережелерін де оқытты.

Сабақтың бірінші күні тыңдау, көру және практикалық қарым-қатынас жасау арқылы студенттер теориялық деңгейлерін, ойлауын кеңейтіп, технологияны одан әрі жетілдірді.

«Жаттығулар арқылы мен теориялық және кәсіптік білімімді байыттым, нақты жұмыс кезінде әртүрлі ат спорты өнерлерінен жаттығулар жасадым және туристерге жақсы ат спорты өнерлерін көрсетуге қабілетім мен сенімімді нығайттым. Мен келесі курстарды асыға күтемін», - дейді аталған курстың қатысушысы Дауыл Кенжебайұлы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Жеменей ауданы Алтай аймағының батыс жағындағы маңызды түйін ретінде туризмді орналастыруда айқын артықшылықтарға ие өңір.

Аталған аудан туристерді тарту үшін ұлттық құндылықтарды, соның ішінде ат спортын дамытуының нәтижесінде келушілер саны бірте-бірте артқан.

Жеменейдегі дәстүрлі мал шарушығы көптеген өңірлерден келген қытайлық туристерді қызықтырады.

Тамаша ат ойынын көрсету қызметын жақсарту үшін далалық стильдегі ат спортын дамытуға күш салуда.

Олардың бүгінгі күнде өткізіп отырған курсының мақсаты - осы саладағы мамандардың сапасын арттыру, санын молайту екен.

Нұр-Сұлтан қаласында Өзбекстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды - ӨзА

Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Өзбекстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды, деп хабарлады ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, ашылу салтанатына екі ел Президенттері Шавкат Мирзияев пен Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Онда екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Мемлекет басшылары елшілікте жасалған жағдаймен танысты.

Дипломатиялық өкілдіктің аумағында бас ғимарат, консулдық бөлім, қызметкерлер үйі, дипломатиялық өкілдік басшысының резиденциясы, балалар және спорт алаңдары, кітапхана мәжіліс және конференциялар залы орналасқан.

Аталған іс-шара соңында Шавкат Мирзияев пен Қасым-Жомарт Тоқаев елшіліктің Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырған.

Қазақстан Тәуелсіздігі Түркия төрінде тойланды - TRT

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бауырлас ел Түркияның бірнеше қаласында Алматы облысы Сүйінбай атындағы филармониясы «Сазген» ансамблінің концерті болып өтті, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Түркияның әр қаласында өткен мерекелік концертті «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Малтепе, Ялова, Османгази, Мамак муниципалитеттерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

1 желтоқсан күнінен басталған концерттік сапар ел астанасы Анкарада аяқталды. TRT дерегінше, Түркияның төрт бірдей қаласындағы концертте көрермен қауымның қызығушылығы ерекше болған.

Пандемия кезінде қазақ өнерін, домбыраның күмбірін, ән-күйді аңсаған, концерттік шаралардан алыс қалған Түркиядағы қандастар, білім алушы Қазақстандық студенттер, бауырлас түріктер ерекше ықылас танытты.

Әсіресе, Анкарадағы концертке келген жұртшылық залды толтырып, көптеген түрік бауырлар түрегеліп тұрып тамашалаған.

«Сазген» ансамблінің концерттерінде қазақтың көк байрағы желбіреп, домбыраның үні күмбірлеп, жезтаңдай әншілердің даусы сайрап, бишілер мың бұралып, қазақ өнерін насихаттады» деп жазады Түркия радио телевизия порталы.

Айта кетейік, 1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Республикалық халық аспаптары музейі жанынан құрылған бұл өнер ошағы да биыл 40 жылдық мерейтойын тойлап отыр.

Іс-шараның бас ұйымдастырушысы «Көк Ту» қазақ мәдениет қоғамы - 2018 жылы Түркия Анкарада құрылып, қазақ мәдениетін, тарихын танытуда, қазақ тілін оқытуда аянбай еңбек етіп келе жатқан қоғам.

Шыңжаңдық жас жұбайлар Бейжіңге атпен 99 күнде жетті - Ағажай-Алтай

Ерлі-зайыптылар Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан Қытай астанасы Бейжіңге атқа мініп сапарға шыққан болатын. Олар мақсатына жетуге 99 күн уақытын жұмсаған, деп хабарлайды Қытайдың Ағажай-Алтай ақпарат порталы.

Бұл туралы 2021 жылдың 2 желтоқсанында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкелік үкіметі өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Қытайлық ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, күйеуімен бірге Бейжіңге сапар шеккен қазақ әйелі Жайна Еркінқызының жасы 25-те.

Ол - Сауан ауданы Болтунгу ежелгі қалашығы Кенаген ауылының тұрғыны. Оның отбасында 5 адам бар. Жайна күйеуі, екі кішкентай ұлы және қайын енесімен бірге тұрады.

Олар осыдан үш айдан астам уақыт бұрын ағайын-туыс, достарымен ақылдаса келіп, неше мыңдаған шақырым қашықтықтағы Қытай елінің астанасы Бейжіңге атпен бару жөнінде шешім қабылдаған.

Оның айтуынша, атпен жүрген бұл ұзақ жол қиыншылыққа емес, қызыққа толы болған.

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сенсек, олар өз ауылынан Бейжің қаласына атпен жетуге тұп-тура 99 күн кеткен.

Осы сапарда 120 000 юаньға (8160 000 теңге көлемінде – авт.) жуық ақша жұмсалған. Оның барлығын өз еңбегімен тапқан. Шыңжаңнан ел астанасына жолға шығуы - жас жұбайлар үшін өміріндегі ең есте қалатын оқиға.

Жолда әртүрлі өңірлерден өтіп, 40 градустық аптап ыстықты сезініп, шөлді аймақтардың қиындықтарына шыдап, табиғат сынына төтеп берген.

Сондай-ақ, жолда кездескен түрлі этнос өкілдерінің өздеріне жасаған көмегі де көп болған.

99 күндік ұзақ жолдан кейін Жайна Еркінқызы мен күйеуі туған жеріне оралып, отбасы мен ауылдастарына жолдағы көрген-білгендері мен елдегі үлкен өзгерістер туралы әңгімелеп берген.

Айта кетейік, олар мал бағумен айналысады.

Жайна қазіргі тұрмыстық жағдайының жақсы екенін айтады.

«Мен тауда өстім, оныма еш өкінбеймін. Қазіргі уақытта туған жерімде асфальт жол үйімнің табалдырығына дейін апарады. Су, жарық, интернет қосылған. Балаларымыз балабақшадан бастап тегін оқиды. Сонымен қатар мектепке барғанда тамақ, жатын орын субсидиясы бар. Біздің үйде қазір 300-ден астам қой, 40 шақты сиыр, 20-дан астам жылқы бар. Өзіміздің еңбектенуіміздің арқасында тұрмысымыз күннен-күнге жақсарып келеді» дейді Жайна Еркінқызы.

Иранда «Қас қағым» атты қысқа өлең кітабы қазақ тілінде жарық көрді - Parstoday

Ирандық ақын Парвиз Бейги Хабибабадидің қысқа қайырымдары «Қас қағым» (یک آن ) деген атаумен қазақ тіліне аударылды, деп хабарлайды ирандық Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Парвиз Бейги Хабибабади – ирандық ақын, композитор, зерттеуші, жазушы және «Фасл-е панджом» (Бесінші мезгіл) баспасының директоры.

Ол 1954 жылы 16 желтоқсанда Иранның Исфахан облысындағы Ардестан ауданында дүниеге келген. Парсы тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр дипломын алған.

Қазіргі таңда әдебиет саласында бірінші дәрежелі төсбелгіге ие. Осы күнге дейін Парвиз Бейгидің 24 кітабы жарық көрді. Оның ішінде 6 өлеңдер жинағы мен 18 зерттеу еңбегі бар.

Ол «Қасиетті қорғаныс» деп аталатын Иран-Ирак соғысы кезіндегі парсы прозасы мен поэзиясын саралап, қазіргі заман ақындарының өмірбаяндарын жинақтап, Сефевилер мен Қаджарлар заманында жазылған тазкерелерді зерттеген.

Сондай-ақ жуырда «Коронавирустың халықаралық соттағы сөзі» атты иронияға толы сюрреалистік повесть жазды.

«Бейги Хабибабадидың «Қас қағымы» - шын мәнінде бір сәтті сипаттайтын қысқа өлеңнің түрі. Яғни ақынның көмескі санасында жарқ еткен ұшқын поэтикалық сипаттамаға айналған. Кітап қос тіл – парсы және қазақ тілдерінде жарық көрді. Аударған – Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының аудармашы-дикторы Гаухар Омарханова» деп түйіндейді Parstoday.


Соңғы жаңалықтар