Шынжаңда түсірілген «наурыз» фильмінде наурыздың халықтық бітімін көрсетуге тырыстық – Қуаныш Ілиясұлы

None
None
Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат – Жер беті бусанып, бар тіршілікті қуанышқа бөлеген күннің шүлен шұғыласымен бірге ұлық мерекеміз Наурыз келіп жетті. Осы орайда ақын, журналист, режиссер, қазақ дәстүрлі мәдениеті туралы 40 бөлімді фильмнің авторы Қуаныш Ілиясұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.

–Қуаныш Ілиясұлы, сіз біраз жылдар Шынжаң телеарнасында сүбелі қызмет атқардыңыз. Әсіресе ұлтымыздың құндылықтары жайында көптеген фильмдер түсірдіңіз. Әуелі өзіңіз режиссерлік еткен «Наурыз» деректі фильмы туралы айтып берсеңіз, қалай түсірілді?

Рахмет! Әуелі Ұлыстың ұлы күні жыл басы жыл басы Наурыз мерекесі құтты болсын! Ия, еңбекті істедім деп көп айтқаннан көрі, қалай істелген барысы мен мақсатын көбірек айтқан дұрыс. Бұл фильм 2011 жылы наурыз айында Алтай аймағының Жеменей ауданы Жәкеласты (әйгілі Жәке бидің қонысы) қыстағынан түсірілген. Фильмнің діттегені халықтық мерекенің дәстүрлі мәні мен мағынасын жас өркенге ұғындыру болды. Қазақ халқы түп атасы түріктен ен-таңбасын айқындап, енішісін бөлмеген шағында бірге тойлаған, жыл басы - Наурыз мерекесін заманалар бойы тұғырдан түсірген жоқ. Түркі тектес халықтар ішінде бөлекше бөгенаймен сақтап қалды. Қазақ даласының түкпір-түкпірінде Наурыз мерекесі күні бүгін дабыралы тойлануда. Деседе, қазіргі Наурыз мерекесі сахнадан көнцерт көру, асханадан көже ішу болып өтуде. Жоғарғы жік пен қарапайым халықтың наурыз мерекесін тойлауында айтарлықтай парық та бар. Бұл былайғы жас өркенге Наурыз мерекесін «ас ішіп, аяқ босататын» немесе, концерт көріп тарасатын мереке ретінде көрсете бастағаны шындық. Қазіргі кезде біз халықтық мерекені халықтан бөліп алдық. Оны әкімшілік ұйымдастыратын, тек кәсіптік сахнада өтетін шара ретінде дағды пайда болды. Соған сәйкес көпшілік қауымның дені де қатысты ұйымдар қашан өткізеді дегендей жоғарыға жалтақтайтын ыңғыл пайда бола бастады. Біз осындай жағдайда Наурыздың нақтылы бітімін көрсетуге тырысып осы фильмді жасап, сәтті тараттық! Бұл фильм Шыңжаң телеарнасының бастығы диктор Қанат Ережепұлы, Жеменей ауданының сол кездегі әкімі Жалын Нұрхамитұлы қолдау жасалғанын атап өткім келеді.

- Аталған фильмде, Наурыздың халықтық бітімін қай жақтардан көрсете алдыңыздар?

- Наурыз мерекесі бір халықтың ғасырлар бойы тойлаған, толықтаған, әбден орныққан, өз жосыны бар көлемді халықтық мереке саналады. Оған әр дәуірдің өз таңбасы басылып отырғаны да анық. Біз бұл фильымді сол бабалардан қалған тағылым бойынша, зерттеушілеріміздің ғылми еңбектеріне жүгіне отырып түсірдік. Тараулар бойынша, бұтарлай кетсем артық болмас.

- Әрине шеттегі қандастар арасында Наурыздың болмыс бітімі қалай сақталғаны оқырманға қызық болары сөзсіз?

«Әз болмай, мәз болмайды»

Халқымыз санатында наурыздың 20-22 күндері әз кіреді деген ұғым бар. Әздің жүрумен тіршілік атаулыға жан бітеді. Ол әуеде болар болмас діріл мен гүрілдің пайда болуы арқылы білінеді. Әздің жүрумен көк, ағаш, тал, бұта сынды тіршілік атаулыға жан бітіп, жаңа өмір басталмақ. Оның өткенін өрісте жүрген қой ғана сезеді. Көкке қарап жамырай маңырап тұрып қалған қойларын көрген малшы да арқаны кеңге салып, бел босатар шақтың туғанын біліп қуанады. «Әз болмай, мәз болмайды» деген мақал да осыдан қалса керек. Демек, қазақ халқы үшін күн мен түнде теңелген 22- наурыздан кейін келетін күн - Жыл басы болады. Бұл күн халқымыз үшін ырыс, береке, мереке күні саналған. Ұлыстың ұлы күні жұрт сапарға шықпайды. Әбес сөйлеп, дауыс шығармайды. Бұл мазмұндар фильмде құсбегі қарт арқылы көрсетілді.

«Қыдыр түнін күзету» салты

Байырғы көшпенді ұлттардың тіршілік етуі ұлы табиғаттың мейіріміне бағынышты болғандықтан олар аспандағы күнге, айға тағы басқа күштерге табынып, ырымдаған. Әулие, әнбиелерге де құрмет тұтып сыйынатын болған. Сол сияқты Қыдыр әулие де халық назарындағы аңыздан мифтік кейіпкер. «Қыдырың қияласын, періштең ұяласын» деп бата беретіні де сондықтан болар. Сол қасиетті әулие, бақыт иесі Қыдыр халық танымы бойынша, наурыз таңында ел аралайды. Пейілі түскен жерге бата береді дейтін ұғым бар. Халық өлеңінде:

«Тарихтан дала өлеңі,

Табылған таудан керегі.

Түйеге артып арманын,

Киеге сенген ел еді.

«Қырықтың бірі Қыдыр-ды,

Қыдыр түн - бақыт келелі.

Несібе, ырыс арқалап,

Наурыздан бұрын келеді», деп келетін өлең тармақтарында айтылғанындай, 21-наурыздың кеші Қыдыр түні есептеледі. Ата-бабаларымыз наурыз мерекесін дәулет дарып, бақ қонатын қасиетті күн деп ырымдаған. Осы күні түнде Жаратушы Қыдыр әулиені жіберіп кең даланы аралатады. Назары түскен жерге бақ ұялайды деп сенген. Сондықтан, осы түнді «Қыдыр түні» атап, таза пәк, кең пейіл, жомарттықпен қарсы алған. «Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі уәли» деп білген халқымыз, «Ақ мол болсын, жауын көп болсын›» деп тілеп, ыдысты аққа толтырып қоятын болған. Кеште жастар «Қыдыр түнін» күзетеді. Ән айтып, ән салады. «Ұйқы ашар» асы дайындалады. Айтыстан жеңіліген жігіттер қыздарға «селт еткізер» жосындарын өтеп «тоғыздық» (жүзік, сақина, орамал) ұсынады.

«Аңыз түбі ақиқат» десек, ертеде Ұлытауды мекен еткен қауым елде бір ардақты ана болған екен. Оны ел құрметтеп «Әу апа» деп атапты. Оның Қыдыр деген жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Қыдыр Әу апаның ақылымен көпшіл, еңбекшіл, сегіз қырлы болып ер жетеді. Отарға Қыдыр шықса, мал аман болады. Қайда барса жолы ақ болғасын ел-жұрты оны «Ақжолтай Арыс» деп атайды. Анасы әр жылы ұлының амандығын тілеп, Наурыздың тез келуін төрт көзбен күтіп, тілек тілеп, ас дайындайды. Мұны біз фильмде Қыдыр әулие және ауыл жастарының «Қыдыр түнін» күзету салты бойынша көрсеттік!

Наурыз - жыл басы

«Қыс пен көктем қауышады,

Суық пен жылылық ауысады .

Қатып қалған тоң жібиді,

Тоңып жүрген өң жылиды .

Көкте күннің нұры төгіледі,

Жердегі мұздың көбесі сөгіледі» бұл халық жырында наурыздың алғы бітімі айтылған. Бұл күн - жер бетіне жақсылық ұялаған, жыл басы - жылқышы торғай келген күн. Көк құт көзін ашып, Жер-Ананың кеудесі жібіп, Самарқанның көк тасы еріген күн саналады .

Наурыз - теңдік күні

«Күн мен түн теңеледі,

Ұл мен құл теңеледі .

Қыз бен күң теңеледі,

Ұлылық пен кішілік жанасады .

Бай мен жарлы жарасады,

Хан қарашаның халын ұғады .

Қараша ханның төріне шығады».

Расында табиғаттан тартып осы күн үлкен теңелу күні. Шаттық күні. Қазіргі кезде осының қаншасы атқарылып жүр. Қарашамыз, әкімінің төріне шықпақ түгіл есігінен қарай алып жүр ме? Ұлылық пен кішілік жанасатын тектілік, сырбаздық, саналылық, сары алтындай салтымыз сұйылып бара жатқан жоқ па? Дәстүрді заманға икемдей берудің, жағдайға бойсындыра берудің зардабын тарта бастадық. Фильмде осы теңдік мәселесі көрнектелінеді.

Наурыз - пәктік күні

«Реніштер ескерілмейді,

Жәбірлеуге дес берілмейді .

Әділдік салтанат құрады,

Әкімдік тасада тұрады .

Қарттардың көңілі кеңейеді,

Жастардың күлкісі көбейеді», халық ұғымында Наурыз жыл басы болғандықтан, ескі жылдағы реніш, жаңа жылға жалғаспауы тиіс. Ағайындар осы күні бір дастарқанда бас қосып, көп көжеден (наурыз көже) іше отырып, бұрынғы өкпе-наздарын кешірісіп, достасып қол алысады. Бұл күні ренішке, біреумен дүздараз болуға жол берілмейді. Баладан қартқа дейін емін -еркін ән салып, би билеп, көңіл көтеруге қақылы күн.

Наурыз- тазалық күні

«Киімнің кірі арылады,

Бұйымның шаңы қағылады.

Қоралардың қақпасы ашылады,

Көң- қоқыр атызға тасылады.

Аула, үйлер тазартылады,

Айнала жаңартылады», - бұл күні ауыл тірлігі күндегіден өзгеше басталады. Табиғатта, адам тіршілігі де қыстай барлық лас дүниеден тазаруы тиіс. Барлық адам қарбаласқа түседі. Балалар үй маңын сыпырып, қыстайғы жиылған көң- қоқырды атызға тасыса, қыз- келіншектер жағы сырмақтарды қағып, кір жуіп, үй тазалап, шыны-аяқтарды жарқырата сүртіп отпен аластайды. Көрігі от алған ұсталар темірді қамырша илеп, таға-шеге соғып қарбаласқа түсе бастайды.

Наурыз- Еңбек күні

«Бұлақ біткеннің көзі ашылады,

Ұста біткеннің көрігі басылады.

Айналаға тал егіледі,

Көкіректерге нұр себіледі.

Әрық- тұрақ өріске шығарылады,

Соқа- сайман егіске шығарылады.

Жаңа көштің көлігі байланады,

Жаңа төлдің көгені сайланады», ата салтына ынты-шынтымен адал әр азамат үшін бұл күннің орны бөлек. Наурыз күні ерлер қолдарына кетпен- күрек, қыз-келіншектер бал-бауырсақ, құрт-ірімшік, піскен ет алып, далаға шығып, төңіректегі бастау, бұлақтардың көзін ашып, өзен, бұлақ бойларына ағаш егеді. Әжелер шыққан күнге тәуіп етіп, аршылған бұлақ көздеріне май құйып, жас келін жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді. «Солқылдаған жас шыбық, болашақта байтерекке айналып ұрпақтарға сая болғай», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын, бір тал кессең, наурыз күні он тал ек» деп жыл басындағы игі, жақсы істерін табиғатқа деген жанашырлықтан бастаған.

Наурыз-тоқшылық күні

«Абдыраның аузы ашылады,

Сұрының соңы асылады.

Қазан оттан түспейді,

Әр үй арнайы көже істейді.

Алғашқы уыз қатырылады,

Соңғы сорпа сапырылады.

Барлық үйде: «сен іш, мен іш» болады,

Жомарттық бәрінде тегіс болады», - Наурыз аса думанды халықтық той. Осы бір күн әрбір қазақ отбасы үшін ерекше қастерлі қасиетті күн. Қуанышқа кенеліп мәре-сәре болған жұрт жаңа киімдерін, таза бір киерін үстілеріне іліп, әр үйді аралап көже ішеді. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар. Алғаш бір-бірімен кезіккенде:

«Жасың құтты болсын,

Өмір жасың ұзақ болсын,

Ұлыс бақытты болсын,

Ұлыс береке берсін!» деген тілекпен амандасады. Наурыз күні қам-қайғы ұмытылып, барлық адам шат-шадыман болады. Әрбір шаңырақ жылы-жұмсағын қазанға салып, көп көжесін шымыр-шымыр қайнатып, қалың қауымға дәм татқызады. Балалар мен жастар жағы үлкендерге ерекше сый-құрмет көрсетіп, ақ батасын алуға тырсады. Үлкендер ел мен жерге игілік тілеп, ағынан ақтарыла бата беріп, барлық адам мереке шаттығына бірге шомады. Наурыз көжеге кәрі жілік қосу деген бар, кәрі жілік - ел амандығы дейтін бабалар ырымнан болса керек. Сонымен бірге кәрі жілік - малдың қол жіліктерінің ішіндегі кәделі жілік. Жолы бас пен жамбастан кейін тұрады. Кәрі жілік ұсыну, көп жаса, ғұмыр жасың ұзақ болсын, ата-баба аруағы қолдап, жаратқан жар болсын деген ізгі тілекті білдіреді. Наурыз көжеге қосылатындар саны жұп болмай, тақ болғаны дұрыс. Бұл тататын дәм-тұзымыз шекті болмасын, мол болсын деген атамыз қазақтың баяғыдан келе жатқан ақ тілегі.

Наурыз-тілек күні

«Көк тәңірі, нұрыңды аяма-дейді,

Жер тәңірі ырысыңмен аяла-дейді.

Басыма, бас қос, жасыма жас қос,

Асыма ас қос» дейді.

Арманмен ақ тілекпен асқаралы,

Жорығы жаңа жылдың басталады!»

Мың сайына құралып, бір сайында бас қосатын қазақ халқы, наурыз күні аяғы жеткен жерге дейін барып, дәм татып, есендік сұраспаса, ұлыстың ұлы күніне үлкен құрметсіздік саналмақ. Бұл күні жиналған ел Наурыз тойының салты бойынша, үлкен-кіші демей өнерлерін ортаға салып, Ұлыс күнін мәре-сәре қарсы алады. Дарқан табиғатпен етене халықтың Рухани өмірінен туындап, қаймағы бұзылмай сақталып келген, әсем ән, күмбірлі күй, алуан би сағынысып көріскен ауылдастарды бір жасатып, Наурыз тойының қызығына құнықтырады.

«Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар!» деп үлкендерден бата сұрайды. Сонда үлкендер жағы Наурыз батасын береді.

«Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Пәле-қала жерге енсін,

Ұлы халқым тоқ болсын,

Көйлектері көк болсын.

Қайғы-уайым жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!»

Осылайша, қазақ даласынан тағы бір көктемнің лебі еседі. Қызық-думан ауыл-ауылда жәрмеңкесін жайып, той-тойға ұласады. Наурыз тойындағы тағы бір ерекше мазмұн қазақы спорт ойындары да, бұл күні әр ауылда дабыралы жүріп жатады. Наурыз айтыс, жұмбақ шешу, жілік сындыру ойындары, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, нысана ату, арқан тартыс, балуан, қол басу, мойын күш сынасу, аударыспақ және балалардың түрлі асық ойыны мен алтыбақан тебу, бестас, шыт тыстамақ сынды қызықты ойындары ұлыс күнінің тағы бір тамашасы.

Даланың теріскейі мен күнгейінен майқара жусанның иісі аңқиды. Табиғат жадырамай, жаны жай таппайтын халық жылай аққан қар-суларынан мол ырыздық тілейді. Күллі тіршілік, жан-жануарды жадыратып, атыздардың тоң кеудесін жібіткен әз Наурызды қуана қарсы алған диқандар да жер емшегін емудің қамына кіріспек. «Бір қойы егіз туса бір шөбінің басы айыр шығатын» жомарт дала, сенімді серігіндей сахаралықтарға алпыс екі тамырын иіп, кең тыныстап шалқи түседі.

Міне, біз жоғардағы мазмұндарды арнаулы жасақтап отырып, ата салтқа, дәстүрге барынша құрмет ете отырып, шынайы түрде түсірдік. Біз жасаған «Наурыз» фильмның көтерген тақырыбы осы! Халқын сүйген әр ұрпақ осының ішінен өз керегін таба алса, біздің маңдай тердің бос кетпегені.

- Құнды әңгімеңіз үші көп рахмет!

Басты фото: adebiportal.kz
Соңғы жаңалықтар