Шыңжаңда түсірілген қазақ өміріне қатысты кино екі бірдей марапатты еншіледі - шетелдегі қазақ баспасөзі

Фото: Фото: mp.weixin.qq.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжаңда түсірілген қазақ өміріне қатысты кино екі бірдей марапатты еншіледі -CNR

Фото:mp.weixin.qq.com

Қазақтардың өміріне қатысты «Өмір ағысы» атты көркем фильм – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкелік үкіметі және «Тяньшань» киностудиясы бірлесіп түсірген. Басты рөлді Алтай аймақтық филармонияның әртісі Маржан Байтөкенқызы сомдаған. Бұл фильм ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қыста қыстауға, жазда жайлауға көшкен қазақ малшыларының өмір ағысын баяндайды. Сондай-ақ, киноның негізгі тақырыбы этникалық қазақтардың дәстүрлі шаруашылықтан жаңа заманға бейімделуіне арналған. Аталған туынды жақында ғана Қытайдың ең жоғары мәртебеге ие «Хуабяо» кино фестивалында «Үздік ауыл тақырыбы фильмі» және «Үздік фотосурет» қатарлы екі бірдей сыйлықты жеңіп алды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, «Өмір ағысы» фильмінің түсірілімі үш жылға созылған. Себебі қазақтың дәстүрлі өмірін бейнелеу үшін нақты уақыттағы түсірілім көктем, жаз, күз және қыс маусымдарын қамтуы керек болған. Бақташылардың көшу процесін көрсету үшін түсірілім алаңына жүздеген мың мал әкелінген. Жұмыс барысында бірнеше рет төтенше жағдайдағы ауа райына тап болған және сол сәтті эпизод ретінде қажеттеріне пайдаланған. Сөйтіп, бұл кинода қазақтардың қиыншылығы көп көшпенді өмірден қайтып, жаңа өмірге қадам басқан кездегі оқиғалары шынайы баяндалады.

Фото: mp.weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, фильм сюжеті айшықты, кейіпкерлері жанды, қойылымы көркем болған. Кинотуынды Шыңжаң туралы фильмдердің шығармашылық көзқарасын, көркемдік деңгейін және мәдени коннотациясын, жаңа биіктерге қадам басқандығын айқын көрсете білді. Сондықтан да аталған фильм мемлекеттік «Хуабяо» кино фестивалында екі жүлдені қатар жеңіп алған.


Дархан Қыдырәлі Моңғолия министрімен кездесті – «Kaznews»

Фото: kaznews.mn

Ұланбатырда Қазақстан-Моңғолия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ІХ отырысы өтті. Аталған отырыс шеңберінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы ҚР-ның Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Д.Қыдырәлі Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестікке орай, екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде біріккен жұмыс істеуге ниет бар екенін айтқан.

Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат берген.

Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан қос мемлекет арасында тату-тәтті байланыс бар екенін және білім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Д.Қыдырәлінің ұсыныстарын қолдайтынын айтты.

Трансшекаралық сауда Қытай-Қазақстан шекаралас кәсіпорындары мен тұрғындарына тиімді –People.cn

Фото: kaz.people.cn

200 жылдан астам сауда тарихы бар «Бақты» өткелі Қытай мен Қазақстанның түйіскен жерінде орналасқан. Бұл еліміздің Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам кедендік ресімдеуге арналған алғашқы «жасыл арна» және туристік порт, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның дерегінше, Қытайдың Тарбағатай аймағындағы «Бақты» бақылау-өткізу пунктінде тұратын тұрғындар өз үйінде отырып-ақ бірнеше минут ішінде мобильді қосымша арқылы 7000 юаньнан (шамамен 998 АҚШ доллары) асатын импорттық декларациясын толтыра алады.

Айта кетейік, 2018 жылы Шыңжаң «Бақты» кеден бекетін шекаралас халықтар арасындағы өзара сауданы дамыту үшін алғашқы пилоттық порт ретінде пайдаланды. 2019 жылдан кейін бұл заманауи шекаралық сауда порты болып ресми түрде ашылды.

«Шекара маңындағы елді мекен арасында қалааралық сауданы дамыту ― шекара аумағын өркендету жоспарын іске асыру және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі маңызды шара болып табылады. Соңғы жылдары шекаралас аумақтарда тұрғындар кооперативтерінің құрылуына және орталықтандырылған онлайн декларацияның енгізілуіне байланысты, «Бақты» кеден бекетінің шекара саудасы айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді», деп жазады қытайлық БАҚ.

Әзербайжан мерекесі Астанада тойланды – «TRT»

Фото: trt.net.tr

Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі мен Әзербайжан Қарулы күштері бірлесіп қабылдау өткізді. Әзербайжанның 105 жылдығы Қазақстанда да аталып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанның елордасы Астанада Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі мен Әзербайжан Қарулы күштері бірлесіп қабылдау өткізді. Қабылдауға елдегі дипломатиялық миссиялардың өкілдері, Әзербайжан азаматтары, Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары және көптеген қонақ қатысқан.

Шарада қонақтарға әзербайжан тағамдары ұсынылса, Әзербайжаннан келген музыканттар халық әндерін шырқады.

Иранның Ғылым вице-министрі Алматыдағы ЖОО-да кездесу өткізді – «Parstoday»

Фото: parstoday.ir

Иранның Ғылым, зерттеу және технология вице-министрі, доктор Вахид Хаддади Асл 24 мамыр күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кездесу өткізді, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы байланыстарды арттыруға, әл-Фараби мұрасын зерттеуде серіктестік жасауға мүдделік танытты. Сонымен қатар парсы тілінен білікті мамандар дайындау тақырыбы да талқыланды.

Доктор Вахид Хаддади Асл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетіне барып, ұстаздармен кездесіп, парсы тіліне қатысты пікір алмасты.

Айта кетейік, Иранның Ғылым, зерттеу және технология вице-министрі әрі министрліктің халықаралық ғылыми байланыстар орталығының басшысы доктор Вахид Хаддади Асл Алматыда 25-26 мамырда өткен Ислам ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысу үшін келген.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы мәселе талқыланды - «ӨзА»

Фото: uza.uz

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы «Жібек-Жолы» шекаралық-кедендік бекетінде байқалған жүк көліктерінің кептелісіне орай туындаған мәселені шешу мақсатында екі елдің делегаттары кездесті.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, ӨР Кеден комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ильхом Мухторов пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов, сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов және екі елдің шекаралық бақылау басқармасы басшылары қатысты.

Фото: uza.uz

Бастапқыда тараптар Қазақстанның «Жібек-Жолы» шекаралық-кеден бекетінде келіссөздер жүргізіп, онда осы күндері өзбек-қазақ шекара бекеттерінде байқалған жүк көліктерінің қозғалысына басты назар аударылды, деп жазады өзбекстандық басылым.

Кездесуге қатысушылар Өзбекстанның «Гишткөприк», «Яллама», «Сырдария» шекаралық кеден бекеттері, «Мәлік», «Ақ алтын» өткізу пункттері, Қазақстанның «Б.Қонысбаев», «Атамекен» шекаралық кеден бекеттерінде болып, туындаған жағдайды қарастырды, кептелісте тұрған жүргізушілермен сұхбаттасқан.

Фото: uza.uz

Соңғы жаңалықтар