+7 (701) 759 90 19
USD 437.20 EUR 475.32
RUB 5.79 CNY 61.94
Jańalyqtar

Шыңжаңда өндірілген түйе сүті Уханьдағы дәрігерлерге жіберілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылғы 29 ақпан 11:06
Бөлісіңіз:
Шыңжаңда өндірілген түйе сүті Уханьдағы дәрігерлерге жіберілді  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
АҚШ коронавирусты анықтайтын веб-сайт жасап жатыр – Әлемдік баспасөзге шолу 14 наурыз күні өтетін маңызды шараларға шолу 12 наурыз күні елімізде болатын маңызды шаралар аңдатпасы

Шыңжаңда өндірілген түйе сүті Уханьдағы дәрігерлерге жіберілді - «Алтай ақпарат» сайты

Шыңжаң Вангюань биотехнологиялық компаниясы түйе сүтінен жасалған 3 000 қорап өнімді Уханьға көмекке барған дәрігерлер тобына жіберді, деп жазады altxw.com сайты.


«Шыңжаңның Wangyuan Group компаниясы Шыңжаңнан көмекке барған, Уханьдағы алдыңғы шептегі коронавируспен күресіп жатқан 386 дәрігердің денсаулығының мықты болуын тілеп, адам ағзасының имунитетін күшейтетін таза түйе сүтінен жасалған өнімдерін көмекке берген. Аталған компания құны 1,05 миллион юань (шамамен 57,2 млн теңге) болатын, 3 мың қорап Wangyuan түйе сүтінің ұнтағын сыйға тартқан. Айта кетсек, түйе сүтінің шипалық қасиеттері ертеден-ақ белгілі болған. Оның адам ағзасына сіңімділігі 98 пайыз. Дәрігерлер шұбатты тұрақты пайдаланған адамдар туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығын анықтаған», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Еске сала кетейік, Шыңжаңдағы Wangyuan Group компаниясы түйе сүтін зерттеумен және өндірумен айналысатын Қытайдағы ең ірі өндіріс орталығы. Сонымен бірге, компания түйе сүтінен косметика жасау, түйе етінің өнімдерін өндіру бағытында да жұмыс істейді. Компанияның өнімдері 1300-ден астам арнайы дүкенді мен 800 ірі супермаркет желісінде және 13 тен астам шет мемлекетке сатылады. Бұған дейін осы компанияның Алтай аймағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру мақсатында, 6 түйешіге көлік мінгізгенін жазған болатынбыз. Ал қандастарымыз қоныстанған Алтайдың Буырылтоғай ауданы «Қытайдағы түйе сүтінің астанасы» деген атақты еншілеген.

Моңғолиядағы Серік Бердімұратұлы xалықаралық жарыстан күміс медаль иеленді- kaznews.mn

Минск қаласында Самбодан Беларусь президентінің кубогына арналған халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Турнирге 20 мемлекеттен 300 спортшы қатысты. Аталмыш жарыста ерлер арасында -100 келі салмақ дәрежесінде халықаралық спорт шебері, самбодан 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Серік Бердімұратұлы қатысып күміс медаль иеленді.

Ол алғашқы кездесуінде Украина спортшысы Алексей Мойсиевті, екінші кездесуінде Беларусь палуаны Сиархей Лесикты жеңіп финалға шыққан болатын. Финалда Беларусь палуаны Андрей Казунесокқа есе жіберіп алды.

Естеріңізге салсақ, Серік Бердімұратұлы 2019 жылы бұл турнирден қола медаль алған болатын»,- деп жазады KAZNEWS.


Қытайдың Шыңжаң өлкесі коронавирустан сақтану шарасын екінші санатқа түсірді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесі коронавирус инфекциясының таралуының алдын-алу мақсатындағы талап етілген сақтық шарасының деңгейін бірінші санаттан екінші санатқа ауыстырды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

«Тиісті мемлекеттік заңдар мен ережелерге сүйене отырып, Шыңжаңдағы коронавирус инфекциясының таралу жағдайының тұрақталуына байланысты Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесінің халық үкіметі 2020 жылдың 25-ші ақпаннан бастап сақтық шарасының деңгейін бірінші санаттан екінші санатқа түсірді», деп жазады CNR.

Еске сала кетейік, Шыңжаң өлкесінде соңғы аптада жаңадан коронавирус жұқтырған адам тіркелмеген. Осыған дейін Шыңжаңда коронавирус жұқтырған 76 адам анықталған және 3 806 адам медициналық бақылауға алынған. Сондай-ақ, Шыңжаңдағы коронавирустың таралуына байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың бір бөлімі қазіргі күні өндірісті қайта қалпына келтіруге кіріскен.


Моңғолия Қытайға көмек ретінде 30 мың бас мал берді - KAZNEWS


Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга (Қалтмагин Баттұлға деп оқылады - авт) ҚХР-на сапармен барып қайтты, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Mongol.cri.cn мәліметі бойынша Бейжің қаласында екі мемлекеттің басшылары кездесу өткізген. Кездесу барысында ҚХР-ның төрағасы Си Цзиньпин «Біздің елдің Үкіметі мен халқы жаңа коронавирусқа қарсы күресіп жатыр. Осы қиын сәтте Моңғолия Үкіметі мен халқы бізге көмек қолын созып отырғанына алғыс білдіреміз. Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга сіз коронавирус тарағаннан кейін ҚХР-на жоғары деңгейдегі арнай сапармен келген алғашқы мемлекет басшысы болып отырсыз. Сіздің сапарыңыз Қытай халқын шын ықыласыңызбен қолдауыңыздың бір дәлелі болмақ» - деді», - деп жазады KAZNEWS.


Аталған БАҚ-тың жазуынша, Моңғолия Президенті Х.Баттулга өз сөзінде, вирус тараған уақыттарда Моңғолия Үкіметі ҚХР-на көмек қолын созу мақсатында «Мәңгілік көршіге көмектесу» акциясын ұйымдастырғанын айтқан. Сол ізгі ниетпен Моңғол халқының осы жолғы сапар аясында 30 мың бас мал (қой) сыйлап отырғанын және Қытай халқына жақсылық тілейтінін жеткізген.

Еске сала кетейік, Montsame агенттігінің мәліметінше, Моңғолия президенті 27 ақпан күні ҚХР-на бір күндік сапарынан оралған соң, қауіпті вирусты елге таратпау кешенді шараларының ережесіне сәйкес, мемлекет басшысы мен Қытай еліне бірге барған ресми тұлғалар Шыңғыс хан халықаралық әуежайында коронавирусқа тексерістен өтіп, арнайы мекемеге 14 күнге оқшауландырылған.


Түркиядағы халықаралық әңгімелер фестиваліне Өзбекстаннан алғаш рет жас жазушы қатыспақ - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Биыл төртінші рет ұйымдастырылып жатқан қысқа әңгімелер фестивалі Ыстанбұл қаласында 2-7 наурыз күндері өтетіні жоспарланған, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Әлемнің отызға жуық елінен келетін қаламгерлер арасында алғаш рет Өзбекстан атынан жас жазушы Жавлон Жовлиев қатыспақ. Ол 1991 жылы Қашқадария облысында туған. Жавлон айтулы фестивальге өзінің «Бұқара, Бұқара, Бұқара...» атты әңгімесімен қатысуда. Ыстанбұлда өтетін шара аясында қаламгерлер өз еліндегі әдебиет жайлы баяндама жасайтыны айтылған. Сондай-ақ, фесьтивальге қатысушы жазушылардың әңгімелері жинақ кітап болып баспадан шығады», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Қырғыз халық ақынының мерейтойы Анкарада тойланды - TRT


Қырғыздың халық ақыны және Түріксойдағы Қырғызстан өкілі Қожагелді Құлиев 60 жасқа толды. Оның елеулі мерейтойы Түріксойдың Анкарадағы бас ғимаратында ерекше атап өтілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түріксойдағы аталған шарада ақынның жаңа жарық көрген «Алақандағы әлем» және «Жүрек-мекен» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың басшылығында өткен жиынға Қырғызстан Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары Қайрат Иманалиев, Еуразия Жазушылар одағы басшысы Якуп Өмероғлу, Түркияның түрлі қоғам өкілдері, Анкарадағы дипломатиялық миссия қызметкерлері, өнерсүйер қауым қатысты. Профессор Нажие Ата Йылдыз ханым беташар сөзінде ақын Қожагелді Құлиевтің поэзиясы, кітаптары мен шығармашылығы жөнінде кең мәлімет берді», - деп жазады TRT.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, қырғыз ақынының «Алақандағы әлем» атты кітабы әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, башқұрт және саха тілдерінде басылған. Шара барысында, Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Құлиевке Түріксойдың Даңқ медалін табыс еткен.

Өзбекстанның Науаи облысында домбырашылар байқауы өтті – Кенимех таңы газеті


Өзбекстанның Науаи облысының Тамды ауданында он үш ауылдан келген 300-ге жуық жас домбырашы Тамды аудандық мәдениет үйінде өткен «Өнерлі домбырашы жастар» байқауында өзара бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды, деп жазады «Кенимех таңы» газеті.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, шараның басты мақсаты – жастар арасынан талантты өнерпаздарды анықтап, қазақ халқының төл мәдениетін, дәстүрлі өнерін өскелең ұрпаққа дәріптеу болған.


«Тамды ауданы әкімдігі, аудандық халыққа білім беру бөлімі, Өзбекстан Жастар одағы Тамды аудандық бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген байқауда қатысушылар ән, ұлттық би, топтық хор, терме орындау бағытында өнер көрсетті. Жас өнерпаздар Дина, Құрманғазы, Қазанғап, Тәттімбет, Дәулеткерей секілді дәулескер күйшілердің туындылары мен халық күйлерін орындап жұрттың ықыласына бөленді. Шараға облыстық сенатор З.Түлекова, Тамды ауданы әкімі орынбасары Н.Бекназаров, Тамды ауданы халыққа білім беру бөлімі меңгерушісі М.Базарбаев, аудандық мәдениет бөлімі өкілдері мен тамдылық жырау Жалғас Жүсіпов, әнші-сазгер Қазбек Есенбаевтан тұратын қазылар алқасы және аудандағы барлық білім ордаларының басшылары мен ауыл ақсақалдары, өнерсүйер қауым қатысты», деп жазады «Кенимех таңы» газеті.


Аталған газеттің жазуынша, соңғы мәредегі байқау қорытындысы бойынша, жүлделі ІІІ орынды Рахат ауылының №18 мектеп өнерпаздары, жүлделі ІІ орынды Керегетау ауылының №9 мектеп талантты жастары, жүлделі І орынды Жырық ауылынан келген №13 мектептің дарынды домбырашылары иеленген. «Бас жүлдені» Жаңашаруа елді мекенінен келген №7 мектептің оркестр тобы лайық деп табылған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қытай, Қандастар, БАҚ, Әлем,
Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT