Шыңжанда балаларды футболға баулитын 1000 балабақша ашылады - шетелдегі қазақ баспасөзі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжанда балаларды футболға тәрбиелейтін 1000 балабақша ашылады – CNR

Қытайдың Шыңжан өлкесінде футболға бейімі бар, талантты балаларды тәрбиелейтін 1000 балабақша ашылады, деп хабарлайдың Қытайдың Орталық халық радиосы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Шыңжан Ұйғыр автономиялы өлкесінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қолдауымен биыл Үрімжі, Санжы, Хотан, Қашқар, Ақсу аймақтарында талантты балаларды футболға арнайы тәрбиелейтін 1000 балабақша ашу жоспарланған.

Жергілікті билік осылайша футболға бейімі бар талантты балаларды 3-6 жасынан бастап іріктеп алып, болашақ спортшыларды балабақша қабырғасынан тәрбиелеп, ел намысын қорғайтын келешек футбол жұлдыздарын даярлап шығуға ниеттеніп отыр.

Дәулет Тұрлыханов Ұланбатырда өтетін халықаралық шараға қатысады KAZNEWS

19-24 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында күрес түрлерінен Азия біріншілігі өтеді, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

«Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің хабарлауынша, бұл халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасының 53 спортшысы және UWW бюросының мүшесі, Қазақстанның әйгілі палуаны Дәулет Тұрлыханов қатысады. Аталған халықаралық жарыс Ұланбатыр қаласының «Буянт-Ухаа» спорт сарайында өткізіледі», - деп жазады Kaznews ақпарат порталы.

Естеріңізге сала кетелік, Дәулет Тұрлыханов - әлем чемпионы (1989 ж.), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1993 ж.), Еуропа чемпионы (1987 ж.), Азия чемпионы (1995 ж.), Олимпиада Ойындарының күміс (1988 ж.) және қола (1992 ж.) жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, әлем Кубогының екі дүркін иегері, КСРО халықтар Спартакиадасының жеңімпазы (1991 ж.), ХІІ Азия Ойындарының жеңімпазы (1994 ж.).

Педагогика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан күрес федерациясының құрметті президенті және ФИЛА Бюросының мүшесі.

Иранда мешіт қабырғасынан Мырза Ұлықбек пен Әлішер Науаи жазбалары табылды - ӨзА

Иранның Тайнабад қаласындағы мешіт қабырғасынан Мырза Ұлықбек пен Әлішер Науаидың жазулары табылды, деп жазады Өзбекстанның ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Бұл дерек Мәдени мұра агенттігі директорының бірінші орынбасары Турсунали Кузиев бастаған делегацияның Иранға жұмыс сапары барысында мәлім болды.

«Иранның солтүстік-батысында Тимуридтер дәуірінің көптеген мәдени мұралары бар. Әмір Темір Иранның Тайнабад қаласында шейх Әбу Бәкір Зейн-ул Обиддин Тайибинимен кездесіп, онымен жақсы қарым-қатынас орнатып, ұзақ жылдар бойы хат алысып тұрады. Осы достықтың символы ретінде Әмір Темірдің ұлы Шахрух Мырза Тайынабадта мешіт салдырған. Мешіт бүгінгі күнге дейін сақталып, оның қабырғасында жоғары мәртебелі қонақтарға арналған құрмет тақтасы бар болған және оған қонақтар өз тілегін немесе жазбаларын қалдырған», - дейді Турсунали Кузиев.

Оның айтуынша, осы жазбалармен танысу кезінде Мирзо Ұлықбек пен Әлішер Науаидың жазулары бар екені белгілі болған.

Қазіргі кезде ұлы ғұламалардың қолжазбаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Дүйсен Қасейінов міндетін Сұлтан Раевке тапсырды - TRT

Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы болып сайланған Сұлтан Раев ел астанасы Анкарада салтанатты түрде Дүйсен Қасейіновтен міндетті қабылдап алды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Міндетті тапсыру рәсіміне ТР Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу, ТР Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой, көптеген елшілер мен қонақтар қатысты. Дүйсен Қасейінов қызметтік міндетін тапсырар алдында сөйлеген сөзінде 31 наурызда өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің отырысында қабылданған шешіммен 14 жыл бұрын алған міндетін Раевқа мақтанышпен тапсыратынын айтты. Сыртқы істер министрі Чавушоғлу да ТҮРКСОЙ-дың түркі әлемін тағы бір рет біріктіргенін айтты. Ол Қасейіновтың бас хатшылық қызметі бітсе де, түркі әлеміне қызметінің аяқталмайтынын айтты» деп жазады TRT.

Иран мен Қазақстан арасындағы әуе рейстері қайта жанданды - Фарс

Екі жыл бұрын COVID-19 өршуіне байланысты тоқтатылған ИИР мен Қазақстанның әуе рейстері алдағы бірнеше күнде қайта басталады, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Қазақстан авиация комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың 20 сәуірінен бастап ирандық «Киш Эйр» әуе компаниясы апта ішінде «Теһран-Алматы-Теһран» және «Горган-Ақтау-Горган» бағыттары бойынша өзінің тұрақты халықаралық рейстерін орындайды. Рейстер сәрсенбі (Горган-Ақтау-Горган) және бейсенбі (Тегеран-Алматы-Тегеран) күндері орындалады», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар