«Шыңырау» фильмі Үндістандағы кинофествальге қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шынырау» атты көркем фильмі Үндістанның Триссур қаласында (IFFT) өтетін Халықаралық кинофестиваль бағдарламасына іріктеуден өтті, ол 6-12 наурызы аралығында Үндістанда Керала штатында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.

Фестивальдің тарихы 2004 жылы Триссур мен қала маңындағы киноны шынайы бағалаушылардың, сондай-ақ үкімет пен бизнес-қауымдастықтың қамқорлығының арқасында басталды. Айта кетсек, өткен фестивальдерде үндістандық көрермендер кинотуындының драматургиясын және көркемдік ойын ерекше жоғары бағалаған болатын.

Биыл IFFT 15-ші рет өтеді және кино мәдениетін дамытып, өз аудиториясын заманауи және классикалық кино туындыларымен таныстырады. Фестиваль Азия және Африка елдерінің үздік фильмдерін зерттеуге арналған.

Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.

Естеріңізге сала кетсек, фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады.

Айта кетсек, бұл туынды Бангладеште өткен 17-ші халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Шыңырау» фильмі былтыр қараша айында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен 28-ші «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып, Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан киносы күндерінің ашылу салтанатында көрсетілді.

Ал өткен аптада отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысты.

Былтыр желтоқсан айының басында отандық кинотуынды Үндістанның Тируванантапурам қаласында өткен Керала Халықаралық кинофестиваліне қатысқан.

Соңғы жаңалықтар