Шыңғыс Мұқан: Шымкентте науқастың оттегі берілмеу салдарынан көз жұмғаны расталған жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Орталық коммуникациялар қызметінде қаладағы науқастардың бірі оттегі дер кезінде берілмеу салдарынан қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері шымкенттік науқастың оттегі тапшылығынан қайтыс болуы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы сауал қойды. Қала әкімінің бірінші орынбасары бұл оқиғаны бастан-аяқ бақылауда ұстағанын айтады.

«Мен бұл мәселемен әлеуметтік желіге тараған бойда айналыстым. Бұл мекеменің басшысы бүкіл Шымкентті оттегімен қамтамасыз етуге жауапты болатын. Бізде сол уақытта 25 инфекциялық стационар болды. Бұл ақпарат расталмады. Менің өзім арнайы барып көрдім. Оның алдында да көргенмін. Бұл стационар оттегімен толық қамтамасыз етіліп тұрды. Бізде Шымкент қаласында үш жерден оттегі алынып тұрды. Сонымен бірге, былтыр 7 стационарда алдын ала сұйық оттегі резервуарын орнатқанбыз. Сыйымдылығы 8 тоннаға дейін барады. Бір рет толтырып қойса, қолданылуына байланысты 7 күнге дейін жетеді. Сондықтан, осындай мәлімет шыққанымен, ратсалмады», - деген әкімдік өкілі кейін аталмыш стационардың бас дәрігері ақпаратта аты аталған адамдармен сөйлесіп, ондай жағдайдың болмағанын растағанын жеткізді.

«Кейбір стационарда 50, кей стационарда 200 оттегі нүктесі бар. Сіз айтып отырған стационарда 100-ден астам нүкте бар. Бір адамға оттегі бармай қалуы мүмкін емес. Себебі оттегіні жалғайтын станса бөлек тұрады да, сол жерден оттегі кеткенде 100 нүктенің бәріне бірдей барады. Ал егер оттегі таусылып қалған болса, нүктеге жалғанған 100 адамға бірдей бармай қалар еді. Сондықтан бұл ақпарат расталмады», - дед қала әкімінің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар