Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры неде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Қытайлық kazakcnr.com сайтында Гүлжан Зарқынбекқызының «Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры» атты мақаласы жарық көрді.

Автор мақаласында Қытай Халық Республикасы Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орыналасқан Шыңғыс хан кесенесінің тарихынан сыр шертіп, сонда сақталған ұлы ханның құнды жәдігерлері туралы баян етеді. «ҚазАқпарат» ХАА осы тарихи тақырыпты қаузаған, қызықты деректері мол мақаланы оқырман назарына ұсынады.
null  

***

Бір дәуірдің еркесі, бір әлемнің серкесі Шыңғыс ханның қабірі бүгінгі күнге дейін табылмай келе жатқаны белгілі. Сондықтан да Шыңғыс ханның жерленген орнын табу әлем тарихшыларының ойын онға, санасын санға бөлеп келеді. Әрине, тарихтағы ұлы адамдардың көбі қабірін құпия ұстап қалған. Алайда олардың рухы қабірмен бірге көміліп кеткен де жоқ. ҚХР Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс хан кесенесі бұл сөзімізге дәлел болмақ. Шыңғыс ханның тасаттық беру кесенесі - моңғол халқы Шыңғыс ханның рухына табынып, тілек тілеп, медет сұрайтын орын.

Олардың жүрегінде Шыңғыс ханның рухы сақталған орын оның қабірімен пара-пар. Ендеше бұл кесене не үшін осыншама зор құрметке ие? Ордос қаласы Шыңғыс хан дүниеге келген де, дүниеден өткен де жер емес. Ал оның рухы не үшін осы арада сақталған дейміз?

Шыңғыс хан заманында таңғұттарға жорық жасаған кезде Ордостан өтеді. Сонда алқабы гүлді, сулары нілді Ордостың жәннат бейнесін көріп, есі кете таңырқап, қолындағы алтын қамшысын жерге түсіріп алған екен. Әлем әміршісінің қамшысын жерге түсіріп алуын жаман ырымға балаған қасындағы уәзірі алтын қамшыны сасқалақтай жерден алуға ұмтылады. Сонда Шыңғыс хан оған: «Тиме қамшыға, қала берсін! Бәлкім мен дүниеден қайтқаннан кейін осы араға жерлерсіңдер», -дейді. Ордостың әсем көрінісіне қарап тұрып, Шыңғыс хан және былай деп сөз қалдырыпты:  «Кер маралдай керілген, құстар үні өрілген, құлаған сұлтанға қуат, ақ самайлы қарияға шуақ сыйлайтын жер екен».

1226-1227 жылдары Шыңғыс хан таңғұттар елі Си-Сяға жорық жасады.  1227-жылы Шыңғыс хан қазіргі Ниңшя өлкесінің Лиюпаншан деген жерінде қайтыс болады. Сол кездегі елдің салты бойынша Шыңғыс ханның сүйегін Моңғол даласына апару керек еді. Ал оның сүйегі салынған арба дәл сол баяғы таңғажайып, табиғаты көркем Ордосқа келгенде сазға батып шыға алмай қалады. Қанша ат сүйресе де арбаның доңғалағы батпақтан шықпай әуреге салады. Мұны тәңірдің жазмышына балаған Шыңғыс ханның уәзірі «сүйегімді осы арада жерлерсіңдер» деген сөзін еске алады. Сондықтан да, олар Шыңғыс ханның рухы мен заттары сақталған орданы осы араға орнатуды ойлайды.  
null 

Иә, Ордос қаласындағы Шыңғыс хан кесенесінің бұрынғы аты Шыңғыс  ханның сегіз ақ ордасы. 1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғанда ақ орда тігіліп, Шыңғыс хан жан үзердегі ақтық тынысы тиген түйенің шудасы және ертоқымы қатарлы заттар қойылып, күллі Моңғол халқы табынатын ең ұлы қасиетті жер болады. 15-ғасырда Ордостың Ижинкүре деген жерінде яғни қазіргі Шыңғыс хан кесенесінің дәл орнында Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртенің, кіші әйелі Құланның заттарын, сондай-ақ, Шыңғыс ханның ертоқымын, садағын, сүт шелегін, қасиетті тұлпарын, құнды архивтерін жинақтап, сегіз орда тігіп оларды жеке жеке орналастырады. «Ордос» деген сөздегі «ордо» қазақ тілінде орда деген мағынаны білдіреді. Ал «С» көптік жалғау. Осылайша «ордос» қазақша «көп орда» деген мағынада. Ендеше Шыңғыс ханның жәдігерлері сақталған сегіз орданың Ордос аталуындағы бір себеп осы болса керек.

Шыңғыс хан рухының символы болған «қасиетті тұлпар» таңдаудың да өз салты бар. Тұлпар рух қону салты бойынша таңдалады. Оның он неше түрлі қағидасы бар. Сөзсіз ескі ай бойынша наурыздың 21 күні таң жұлдызында самал желдің бағытында туылуы, үстінде ешқандай теңбіл болмауы, жанары оттай жанып, терісі құндыздай құлпырып тұруы қатарлы қатаң қағида бойынша будда ламалары белгілейді.
null 

Ордостағы Шыңғыс ханның рух кесенесіндегі жәдігерлер 1939 жылы 9 маусымда соғыс салдарынан Гансу өлкесіндегі Шиңлұң тауына, одан кейін Чиңхайдың Тарыс пұтханасына көшіріліп апарылған. Ал, 1954 жылы ежелгі орны Ордостағы Ижинкүреге қайтарылып әкелінеді. 1956 жылы осы арада жаңа кесене бой көтереді. 1982 жылы 24 ақпан күні Қытай Мемлекеттік кеңесі оны мемлекет бойынша  басым бағытта қорғалатын орын деп таныды. Ал, 2006 жылы Шыңғыс хан кесенесі мемлекеттік дәрежедегі материалдық емес мәдени мұралар қатарына енгізілді.

«ҚазАқпарат» ХАА анықтамасы:

Шыңғыс хан тасаттық кесенесінің жалпы ауданы 55 мың шаршы метрден асады, негізгі құрылысы моңғол үлгісіндегі 3 сарайдан және олармен тұтасқан дәліздерден құралады. Құрылысы еңселі, қою ұлттық түс алған. Онда  үлкен сарай, зиярат сарайы, шығыс сарай, батыс сарай, шығыс дәліз, батыс дәліз сияқты 6 бөлімнен тұрады.

Шыңғыс хан тасаттық кесенесінің таңғажайыптары мұнымен бітпейді. Онда ерекше бір этнотоп - дархұттар, яғни Шыңғысхан тасаттық кесенесінің шырақшылары өмір сүріп келеді. Бұлар сол жылдары әскердегі батырлар мен хандықтағы маңызды уәзірлерден құралған қабір қорғаушылар еді. Олар 780 жылдан бері қарай ешқашан үзіліс жасамастан өздерінің бұл әлемнен өткен патшасы - «Тәңірінің еркесі» Шыңғыс ханның әруақты ордасын қорғап келеді. Бұларды ел «Дархұттар»  дейді («Қасиетті міндет өтеушілер» деген мағынада).

Дархұттар Шыңғысханның еңбегі сіңген 8 уәзірінің үрім-бұтағы. Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін оның негізгі уәзірлері мен бас сардарларының ұрпақтары оны қорғаған және тасаттық іс-шараларын өткізіп отырған. Олар күндіз-түн демей аса мұқият түрде патша қабірін қорғап келеді, ешқандай салық тапсырмайды, ешқандай әскери міндет өтемейді. Қазір дархұттардың саны 6 мыңнан асады. Үлкен сарайда күнделікті және ірі тасаттық іс-шараларын басқаратын дархұттарды «ямыты» дейді. Олар мирастық жол бойынша ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады. Олардың ішінде тасаттық басқаратындар, саз шалатындар, ән салатындар бар. Шыңғыс хан кесенесінде қызмет өтейтін дархұттар әр айда үкімет қызметкерлерінің өлшемді жалақысын уақытымен алып отырады.

null null null null null 

Соңғы жаңалықтар