Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін адал қызмет етуден көрінеді – Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында бұл саладағы іс көбінесе ел назарынан тыс жүргізілетініне тоқталды, деп хабарлайды, ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыздың мән-маңызы айрықша. Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ, есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан шекарашыларының шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстағанын атап өтті. Жалпы құны 8 млрд теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілгенін айтты. Сонымен қатар, арнаулы қызметтің ақпараттық қауіпсіздікті сенімді қамтамасыз етіп отырғанына назар аударды. Маңызды инфрақұрылымдық нысандарға жасалған 1,5 мың DDoS шабуылға тойтарыс берілген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.


Соңғы жаңалықтар