Шымкенттің басты көшелері мен олардың бойындағы үйлердің келбеті жаңартылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті жаңарады. 

Бұл туралы бүгін Шымкенттің архитектуралық келбеті мен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланған кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиынға қала, аудан әкімдері мен  салалық бөлім басшылары, сондай-ақ мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты.

Шымкент әуежайынан әкімшілік іскерлік орталыққа дейінгі ұзындығы 17,8 шақырымды құрайтын орталық көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу жайы бойынша баяндама жасаған Ғ.Әбдірахымов, аталған басты бес көше мен даңғылдың бойындағы 17 көпқабатты тұрғын үй жөндеуді  және әрлеуді қажет ететінін жеткізді. Барлық тұрғын үйлердің қазіргі және болашақтағы өзгерген көрінісі өңір басшысының назарына ұсынылды.

«Аталған нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру мақсатында эскиздік жобалар дайындалды. Оған сәйкес, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен бүйір беттерін толығымен және төменгі бірінші қабаттағы коммерциялық құрылымдарды қою түстермен, гранит тастармен біркелкі стильде ретке келтіру қажет. Ал жоғарғы қабаттарын ашық түсте әрлеу және қазіргі заманауи материалдарды қолданылатын болады. Бүгінгі таңда, әрбір үйге бір-бір мердігер мекемеден белгіленіп қойылды», - деді Ғ.Әбдірахымов.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге қаныққан аймақ басшысы көрсетілген барлық жобаларға оң бағасын беріп, қолдайтынын, десе де кейбір жобаларды қайта пысықтаудан өткізу қажеттігін атап өтті.

«Шымкент - Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Шаһарымызға келген қонақтар қалаға қарап, облысқа баға береді. Сондықтан, құрметті мердігерлер, жұмыстарды сапалы әрі мерзімді атқарып, оны іске асыруда отандық құрылыс материалдарын пайдаланыңыздар», - деді аймақ басшысы.

Мұнан соң, жиында  шаһардың көлік инфрақұрылымын дамыту жайы сөз болды. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларды таныстырып өтті. Оның сөзінше 2020 жылға дейін Шымкенттегі маңызды деген жол қиылыстарына бес жол айырығы салынып, пайдалануға беріледі. Бес нысанның алғашқы екеуі келесі жылдан бастап іске асырыла бастайды деп күтілуде.

Жобалар ретімен мұқият танысқан облыс әкімі оларды әлі де қайта қарап, қаржысын жан-жақты тиімді етіп есептеуді, сәйкесінше, нысандардың сапасына мән беруді жіті тапсырды.

Соңғы жаңалықтар