Шымкенттіктер газ бағасының қымбаттауына қарсы болды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттіктер газ бағасының қымбаттауына қарсы болды. Қоғамдық тыңдау барысында тұрғындар көгілдір отын берушілердің 4 теңгеге қымбаттату туралы ұсынысын қабылдамай тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық белсенділер мен түрлі партия өкілдері, қала тұрғындары қатысқан жиында өңірдің монополияға қарсы департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов жұртты өз пікірін ашық айтуға шақырды.

Оның сөзінше, осында айтылған ұсыныстар мен халықтың пікірі тиісті комитетке жеткізіліп, соған сәйкес шешім қабылданатын болады. Осыдан кейін жиналған қауым бағаны 4 теңгеге қымбаттату былай тұрсын, қазіргі 34 теңгенің өзі қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп отырғанын жеткізді. Мәселен, Өзбекстаннан газ тұтынатын өңірде көгілдір отынның бағасы Тараздан қымбаттап кеткен.

«Не себепті, өзбек елімен көрші тұрған облыс Тараздан жақын бола тұра газ бағасын қымбат тарифпен төлеуі тиіс,- дейді шымкенттіктер.

Ал, көгілдір отын таратушы компания өкілдері мұның себебін Тараз қаласының Өзбекстандағы газ шығатын орынға жақын орналасуымен түсіндіреді. Шымкент қаласы ол жерден алыстау болған соң, тасымалдау есебінен бағасы көтеріңкі екен. Келер жылы тасымалдау құны 200 теңгеге, яғни 8323 теңгеден 8060 теңге 71 тиынға төмендейд. Соған қарамастан газ таратушы мекеме «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының жергілікті өкілдері тарифті көтеру қажет деп отыр. Олардың бұл ұсынысын облыстың жауапты сала басшылары түсіндіріп кетті.

«Бізде 14 мың шақырымнан аса газ құбырлары тартылған. Оның тек 6 мың шақырымы ғана газ таратушы мекемелерге қарасты. Қалған құбырларды күтіп қарауға қосымша жұмыс күші қажет, яғни мамандар санын көбейту керек. Оларға жалақы төлеу керек болады. Сондықтан газ таратушы мекеме тарифті 4 теңгеге көтеру туралы ұсыныс жасап отыр. Алайда облыстық әкімдік бағаны көтеруге қарсы екенін жеткізгім келеді»,-деді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым.

Жиын қортындысында қоғамдық қабылдауға келгендер газ бағасының 4 теңгеге қымбаттауына бірауыздан қарсы болды. Енді жиынның қортындысы бойынша арнайы хаттама толтырылып, еліміздің монополияға қарсы комитетіне жолданатын болды.

Соңғы жаңалықтар