Шымкенттіктер «ЭКСПО - 2017» көрмесіне дайындықтарын пысықтауда

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесіне арналған семинар-тренинг өтті. 

Облыстағы туристік фирмалардың басшылары мен сақтандыру компаниясының өкілдері, сондай-ақ салық саласының қызметкерлері қатысқан жиында оңтүстіктің халықаралық көрмеге дайындығы пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Семинарда туризм бағытындағы арнайы бейнеролик пен үш тілде жарық көрген «Шымкентке қош келдіңіз!» журнал-каталогының таныстырылымы өтті. Журналда облыс орталығындағы қонақ үйлер мен мейрамханалар, мәдени нысандар мен тарихи орындардың мекенжайлары, байланыс телефондары жарияланған. Саябақтар мен ойын-сауық және сауда орталықтары туралы да мол мағлұмат берілген.

Жиында туристік компания өкілдері елордадағы көрмеге барып-қайту билетінің құны туралы, саяхатшыларға бар жағдай жасалатынын атап өтті. Ал, туризм орталығы мамандары өңірге келетін  саяхатшыларға туристік бағыттар белгіленгенін жеткізді. Ол үшін арнайы гидтер дайындалуда екен. Десе де, шым шаһардағы қонақүйлердің бағасы компания өкілдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр.

«Бізден шетелдік саяхатшылар қонақ үйлер мен өзге де қызмет түрлерінің бағасын алдын ала жіберуімізді сұрайды. Бірақ, олардың өтінішін қанағаттандыра алмай отырмыз. Себебі, қонақ үйлер бағаны жиі өзгертеді. Нақты бекітілмегендіктен түсінбестік орын алып, жұмысымызға кері әсерін тигізуде. Облыстағы тарихи орындарға автобус жалдау құны да қымбат», - дейді турфирма өкілдері.

Жергілікті жолаушы тасымалдау компаниясы өкілдері де қызмет көрсету ақысына байланысты туындаған мәселелерді ортаға салды.

«Біздің компанияның автобустары жаңа әрі ыңғайлы. Жолаушылардың құқығы қорғалады. Сақтандырылған. Бірақ, көлікке қажетті жанармай мен қосалқы бөлшектердің құны өзгеруі мүмкін. Сондықтан алдын ала бағаны белгілей алмаймыз. Бірақ, туристік фирмалармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», - деді «Ontustik Tulpar» тасымалдау компаниясы директорының орынбасары Нұржан Досаев.

Ал, қонақ үйлер мен туристік фирмалардың басшылары салық көлемі мен кәсіпкерлік жөніндегі сұрақтарын қойып, шаруаларды ақылдасып шешу жөнінде уағдаласты. Алдағы уақытта «ЭКСПО - 2017» көрмесіне дайындық барысы және туризмді дамыту бағытындағы ұсыныстар мен пікірлер қала әкімдігі тарапынан қолдауға ие болмақ.

Соңғы жаңалықтар