Шымкенттік жастар ескерткіштер мен мемориалдарда тазалық акциясын ұйымдастырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Шымкент қалалық филиалы тазалық шарасын өткізді.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған акцияға қаланың жоғарғы және арнаулы оқу орындарынан 30-дан астам жас қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен ата-бабаларымыз бізге қалдырған тәуелсіздікті қадірлей отырып, жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында өткен шараға қатысушылар батырларға арналған ескерткіштерді, мемориалдар мен обелискілердің аумағын тазартты. Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс батырының есімі берілген Бауыржан Момышұлының ескерткішін, көшелерді, даңғылдарды тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Бұл әдеттегі сенбілік емес, тазартып жатқан көшелердің барлығы да батырларымыздың атымен аталған. Біз - жастар өз қаһармандарымызды ұмытпауымыз керек», - деді «Жас Отан» ЖҚ Шымкент қалалық филиалы төрағасы Арман Әлібеков.

Айта кетейік, жасотандықтар үшін бұл бір күндік акция емес. Жастар бірнеше жыл бойына «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын қолға алып, еліміздің барлық аймағында тұратын ардагерлерге көмек көрсетіп келеді. Барлығы егде жаста болғандықтан, көбіне үй шаруашылығын өздері атқара алмайды. Мұндайда сол аймақтың белсенді жастары үйлері мен ауласын жинастырып, қол ұшын созуда.

Соңғы жаңалықтар